Түркістан қаласында тұрғындарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу бағытындағы ауқымды инфрақұрылымдық жобалар өз жалғасын табуда. Бұл жұмыстар қала халқының өмір сапасын арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған стратегиялық міндет. Алайда, инженерлік желілерді тарту барысында қала көшелерінде қазба жұмыстары жүргізілуіне байланысты туындаған уақытша қолайсыздықтарды азайту үшін, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тікелей тапсырмасымен маңызды шаралар қолға алынды.
Қазіргі таңда кәріз желісі жүргізілген көшелерде ауа райының әсерінен (жауын-шашын, су тасқыны) туындауы мүмкін қолайсыздықтардың алдын алу мақсатында уақытша қайта қалпына келтіру үшін тас төсеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар алдағы төрт күн ішінде толық аяқталады деп жоспарланған.
Биылғы жылы Түркістан қаласында кәріз жүйесін жетілдіру бойынша жалпы 13 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, тыңғылықты жұмыстар атқарылуда. Бұл жобалардың мақсаты – қаланың негізгі және ішкі аудандарын орталық жүйеге қосуды қамтамасыз ету.
Жобалардың 8-і – тұрғындарды тікелей желіге қосатын абоненттік және негізгі магистральдық желілерді қамтиды. Ал қалған 5 жобада – қаланың кеңейіп жатқан аудандарын болашақта қосуға арналған магистральдық желілерді тарту жұмыстары жүзеге асуда.
Кәріз жүйесін орнату жұмыстары қаланың маңызды секторлары – Сауран, Шауғар, Яссы және Отырар, Бекзат тұрғын алаптары мен Баянауыл мөлтек ауданын қамтыды. Атап айтқанда, Сарыбаев, Ынтымақ, Ы.Дүйсебаев, М.Төлебаев, Н.Оңдасын, Асанов, Мәдениет, Ойсыл Қара, Б.Ахметов, М.Ғабдуллин, Қарағайлы және Қалғансыр көшелердіне қазба жұмыстары жүргізілді.
Кәріз жүйесін жер астымен жүргізу барысында жоғарыда аталған көшелерде қазба жұмыстары жүргізіліп, қозғалысқа шектеулер орнатылып, тұрғындар үшін уақытша қолайсыздықтар туындауы мүмкін.
Түркістан қаласы әкімдігі бұл жағдайды түсінумен қарай отырып, қала тұрғындарынан ортақ игілікке бағытталған осы жұмыстарға түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұрайды. Қазіргі тас төсеу жұмыстары – тек уақытша шешім, қазба орындарының жауын-шашыннан бұзылмауын және көлік қозғалысын қауіпсіз қамтамасыз етуді көздейді.
Қала әкімдігі тұрғындарға құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, барлық жол инфрақұрылымы толықтай және сапалы қалпына келтіріліп, асфальт төселетін болады.
Заманауи кәріз жүйесінің орнатылуы – бұл Түркістанның ұзақ мерзімді, тұрақты дамуы үшін қажетті инвестиция. Осы жобалардың сәтті аяқталуы қаланы көркейтіп және жайлы қалалар қатарына қосады.

