Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қаланың алдағы дамуына қатысты өте маңызды жиын өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – қаланың бас жоспарының жүзеге асырылуын, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін стратегиялық нысандардың даму қарқынын, сондай-ақ қаланың сәулеттік келбетін жетілдіру және инфрақұрылым сапасын арттыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға басымдық берілді.
Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, жауапты бөлім басшылары және тиісті сала мамандары қатысып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы жан-жақты баяндама жасады.
Жиындағы ең маңызды тақырыптардың бірі – Түркістан қаласының жоспары болды. Баяндамашылар Бас жоспардың мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алғанын хабарлап, алдағы уақытта оның Үкімет қаулысымен бекітілуі күтіліп отырғанын атап өтті. Бас жоспар қаланың 20-30 жылдық дамуын айқындайтын негізгі құжат болып саналады.
Сондай-ақ, Әзімбек Пазылбекұлының қатаң бақылауында тұрған жыл соңына дейін пайдалануға берілетін әлеуметтік және өндірістік нысандардың дайындығы сараланды. Атап айтқанда, тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін арттыруға бағытталған кредиттік тұрғын үйлердің құрылысын жыл соңына дейін толық аяқтау міндеті қойылды.
Қала басшысы бұл жобалардың стратегиялық маңызын ескертіп, жұмыстың мерзімінде әрі сапалы орындалуы басты талап екенін қатаң ескертті. Мәселен, жастар мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасау мақсатында Бекзат мөлтек ауданындағы Жиделі көшесінде орналасқан спорт кешенінің құрылысын аяқтау тапсырылды. Түркістанға ерекше мәртебе берумен бекітілген дизайн-кодты қатаң сақтау мәселесі жиында ерекше назарға алынды. Сонымен қатар, қала аумағындағы қараусыз қалған, талапқа сай келмейтін немесе ескірген нысандарды ретке келтіру, олардың сыртқы келбетін жаңартып, бекітілген дизайн-код талаптарымен сәйкестендіру мәселесі өзекті болды.
Бұл жұмыстар қаланың бірегей архитектуралық тұтастығын сақтап, туристік тартымдылығын арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталады. Қала басшысы Түркістанның тазалығы мен жалпы сыртқы мәдени келбеті – қаланың даму деңгейін көрсететін басты өлшемдердің бірі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты ұдайы күшейтуді міндеттеді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы инфрақұрылым сапасын арттыруға және абаттандыру жұмыстарына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Нақтырақ айтқанда, сала мамандарына алдағы уақытта пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандардың айналасын толық абаттандырып, инфрақұрылымын сапалы аяқтау міндеттелді. Мысалы, Бекзат мөлтек ауданындағы спорт кешенінің құрылысымен қатар, нысан аумағын толық абаттандыру, тал егу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, құрылыс саласына қатысты барлық жұмыстарда материалдың сапасына, жобаның техникалық талаптарға сәйкестігіне ерекше мән беру тапсырылды.
Жиын соңында Әзімбек Пазылбекұлы қаланың әрбір жобасы мен бастамасының түпкі мақсаты – Түркістан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын қайталап айтты. Қала басшысы барлық жауапты тұлғаларға жұмысты жоғары жауапкершілікпен әрі жүйелі түрде, ешбір кешіктірусіз жүргізуді тапсырды. Түркістанның стратегиялық даму жоспарларының, оның ішінде бас жоспардың бекітіліп, іске асырылуы – қаланың өңірлік және халықаралық аренадағы мәртебесін одан әрі нығайтатыны әбден мүмкін.

