Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қаланың дамуы мен өзекті мәселелерін талқылауға арналған кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, қала прокуроры Қаукен Бахытбайұлы, полиция басқармасының басшысы Жасұлан Қаржаубайұлы және басқа да дербес бөлім басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіне қаланың инфрақұрылымдық дамуы, қоғамдық-саяси тұрақтылық, этносаралық ахуал, сондай-ақ мәдениет және спорт саласындағы қол жеткізген көрсеткіштер мен алдағы жоспарлар енгізілді.
Қала басшылығының басты мақсаты – қаланың әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру. Мәжіліс барысында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қоғамдық қауіпсіздік пен қаланың эстетикалық келбетіне тікелей қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Қала басшысы алдымен арнайы жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін тыңдады.
Зерттеулер бойынша тұйық көшелердегі жарықшам орнатуды қажет ететін орындар анықталған. Қосымша жарықтандыру қажет көшелердің болуы тұрғындардың қауіпсіздігіне, әсіресе қараңғы уақытта, тікелей әсер етеді. Қараусыз қалған ғимараттардың жай-күйі бойынша мәліметтер ұсынылды. Мұндай нысандар қаланың көрінісін бұзып қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Осы мәселелерді шұғыл шешу мақсатында, қала әкімі арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Бұл топ құзырлы органдармен бірлесе отырып, аталған орындарды ретке келтіру бойынша нақты іс-шараларды жүзеге асыруы тиіс.
Жиынға қатысушылар қала дамуының стратегиялық маңызды бағыттары бойынша ағымдағы көрсеткіштерді талқылап, тиісті есептерді тыңдады. Инфрақұрылымдық жобалардың орындалуына ерекше назар аударылды. Бұл – жол құрылысы, инженерлік желілерді (су, жылу, газ) тарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту сияқты жұмыстар. Басшыларға жобалардың мерзімінде және сапалы орындалуын қатаң бақылау тапсырылды.
Ел дамуы бейбітшілікке келіп тіреледі. Қоғам тыныш болса, ел де соған қарай өркендейді. Ал тыныштықтың кепілі – заң мен тәртіпке бағыну. Сонымен қатар қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздік сол елге ортақ заңға бағынбаудан туындап жатады. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Мемлекет басшысының идеясымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидасы Баукеңнің осынау сөзімен мәндес, мағыналас деуге болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы тәртіп пен мәдениет мәселесіне тоқталып, «Заң және тәртіп» қағидатын берік орнықтырудың маңызын атап өтті.
– «Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады», – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтаудың тарихи маңызын да жеткізді.
– «Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз. Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын», – деді Президент. Осы орайда, қала прокуроры және полиция басқармасының басшысы аймақтағы қоғамдық-саяси тұрақтылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, этносаралық ахуалдың тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы өзара келісім мен төзімділікті нығайту мәселелері ерекше аталып өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Мәдениет және спорт саласындағы көрсеткіштер де талқыланды. Қаланың имиджін арттыруға бағытталған мәдени іс-шаралардың маңызы және жастарды бұқаралық спортқа тарту бойынша жүргізілетін жұмыстардың тиімділігі қарастырылды.
Кезекті аппараттық мәжіліс қаланың алдында тұрған өзекті міндеттерді айқындап, оларды шешудің нақты тетіктерін белгіледі. Әкім Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлім басшыларына жұмыс сапасын арттыруды, тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қоюды және белгіленген жоспарларды мүлтіксіз орындауды және бірқатар тұйық көшелердегі жарықшам орнатуды қажет ететін орындар мен қараусыз қалған ғимараттардың жай-күйі бойынша әзірленген зерделеу жұмыстарының нәтижесін тыңдап, арнайы жұмыс тобын құруды, сәйкесінше құзырлы органдармен бірлесе ретке келтіруді тапсырды.
Бүгінгі өткен мәжіліс Түркістан қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі мемлекеттік аппараттың үйлесімді және жауапкершілікті жұмысын көрсетеді.

