Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін 30 жылдықпен құттықтауға арнаған сөзінде: «Ассамблея жылдар бойы халқымыздың ырысты ынтымағын нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы ұйымның белсенді қызметі арқылы еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйлесімді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашылды.
Парламентте өкілдері бар Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатқан тиімді құрылымға айналды. Ұйым мүшелері маңызды бастамалар көтеріп, елге қажетті жобаларды жүзеге асырып жатыр,Қазақстандағы ауқымды өзгерістерге де барынша атсалысып келеді.
Ассамблея ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру,отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқарады.
Сіздер еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаужәне жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін аянбай еңбек етебересіздер деп сенемін.»,- деген еді.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының сеніміне серпін берген Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі бірлік пен әлеуметтік келісімді нығайтуға бағытталған жаңа, маңызды бастамасы – «Инклюзивті Ассамблея» жобасы Түркістан қаласынан бастау алды. Бұл жоба түрлі этностар мен әлеуметтік топтардың теңқұқылығын насихаттап, қоғамдағы барлық азаматтардың өз ой-пікірін білдіруіне мүмкіндік беруді мақсат етеді.
Жобаны іске асыру тетіктері мен оның маңыздылығын талқылауға арналған маңызды отырыс Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» өтті. Жиынға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің (ХҚТУ) ғалымдары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік құрылымдарының басшылары біріктірілді. Отырысқа Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенді рөл атқаратын бірқатар азаматтар қатысты. Олардың ішінде, Исмаилов Шавкат Абдоллаұлы – Қазақстан қырғыздары қауымдастығының төрағасы, Нұрсұлтан Сейтжанов – Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі, Эльмира Жанғазиева – Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы, Гүлсара Тоққұлова – Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар, ғылыми әлеуетті ұсынған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ден п.ғ.к., Жаздықбаева Мария және PhD Сұлтанбек Мәлік қатысты. Отырыстың негізгі тақырыбы – инклюзия және қоғамда жаңа мәдениетті қалыптастыру болды. Қауымдастық төрағасы Шавкат Абдоллаұлы слайд арқылы баяндама жасап, жобаның тұжырымдамасымен таныстырды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, п.ғ.к., Гүлсара Тоққұлова өз сөзінде инклюзивті Ассамблеяның мән-маңызын толықтырып, облыста және университетте бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Бұл инклюзивті ортаны тек әлеуметтік топтар арасында ғана емес, білім беру саласында да іске асырудың маңыздылығын көрсетеді. Ал, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева Қазақстан халқы Ассамблеясының «Инклюзивті Ассамблея» бағытындағы жұмыстарды жандандыру бойынша өз ұсынысын жеткізіп, барлық қатысушыларды жоба аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. PhD доктор Сұлтанбек Мәлік бұл жиынның маңыздылығы мен жобаның өміршеңдігін атап өтіп, осындай маңызды іс-шараны ұйымдастырғандарға алғысын білдірді.
Сондай-ақ, ерекше балаларға арналған «Армандар орындалады» жобасының авторы Әсел Бимырзаева да өз ұсыныстарын ортаға салып, инклюзияны іс жүзінде қолдаудың нақты механизмдерін ұсынды.
Жиынға облыстық Ақсақалдар, Аналар кеңесінің мүшелері, Медиация кеңесі, этномәдени бірлестіктер, «Ассамблея жастары» және студенттік Ассамблея мүшелері қатысып, жобаны іске асыру бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
«Инклюзивті Ассамблея» жобасы – Қазақстан халқының бірлігін, түрлі этностар мен әлеуметтік топтардың теңқұқылығын нығайтуға бағытталған кешенді бастама. Бұл тек саяси декларация емес, ұрпақ тәрбиесі мен ел ертеңіне бағытталған игі бастамаларды іске асыру арқылы қоғамдағы әлеуметтік келісімді тереңдете түседі. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде осындай маңызды бастамалар алға басатынына сенім мол.

