Түркістан қаласының әкімдігі әлеуметтік саладағы азаматтарды қолдауды жалғастыруда. Бұл қолдаудың маңызды құралдарының бірі – тұрғын үй сертификаттарын беру. Түркістан облысы Түркістан қалалық мәслихатының 01.11.2024 жылғы №24/103VIII шешіміне сәйкес, тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға ипотекалық қарыздардың бастапқы жарнасын жабу үшін қаржылық көмек көрсетіледі.
Түркістан қаласында тұрғын үй сертификатының мөлшері әрбір алушы үшін 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде белгіленген. Бұл сертификаттың негізгі мақсаты – азаматтардың ипотекалық қарыз алу мүмкіндігін арттырып, бастапқы жарнаға қажетті қаржылық ауыртпалығын жеңілдету.
Сертификат Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарламалар, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы немесе Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде алынған ипотекалық тұрғын үй қарыздарының алғашқы жарна көлемін жабу үшін пайдаланылады. Алайда, тұрғын үй сертификатының қаржы көлемі шектеулі екенін ескеру қажет.
Тұрғын үй сертификатын алуға Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабында айқындалған халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын санаттағы азаматтар үміткер бола алады. Алушы міндетті түрде тұрғын үй кезегінде тұруы және заңда көрсетілген әлеуметтік осал топқа жататынын растауы керек.
Сертификатты алу үшін өтініш беруші келесі құжаттарды электронды түрде ұсынуы қажет. Біріншіден, ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық өтініш (Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша) қажет. Екіншіден, өтініш берушіге тұрғынжай сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы Екінші деңгейлі банктің (ЕДБ) хатының электрондық көшірмесі болуы тиіс. Бұл хатта міндетті түрде ипотекалық қарыз бойынша бастапқы жарнаның мөлшері сомасы туралы мәліметтер көрсетілуі керек. Үшіншіден, халықтың әлеуметтік осал топтарының санаттарына жатпайтын жағдайда, жұмыс орнынан анықтаманың электрондық көшірмесі талап етіледі. Бұдан бөлек, көрсетілетін қызметті беруші «электрондық үкіметтің» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (зайыбының (жұбайының), кәмелетке толмаған балаларының) жеке басын куәландыратын құжаттарды, олардың табыстары мен жылжымайтын мүліктерінің, сондай-ақ неке қию немесе бұзу туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейін), қайтыс болуы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), балалардың тууы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін) құжаттарды, және өтініш берушінің халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын растайтын құжаттарды мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Тұрғын үй сертификатына өтінімдер тек қана Kezekte.kz (Amanat функциясы) электронды базасы арқылы онлайн режимде қабылданады. Бұл әдіс өтінім беру процесін жеңілдетіп, азаматтарға ыңғайлы жағдай жасайды. Есте сақтаңыз: Тұрғын үй сертификаты – бұл әлеуметтік осал топтарға өз баспанасына қол жеткізуге берілген нақты мүмкіндік. Қаржы көлемінің шектеулі екенін ескеріп, сертификат алуға үміткерлерге өтінімдерді қабылдау басталған кезде кешіктірмей тапсыру ұсынылады.

