Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы ретте, азаматтардың сот және атқарушылық өндіріс саласындағы қызметтерге жедел қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында adilel.kz бірыңғай цифрлық платформасы маңызды рөл атқарып келеді. Бұл платформа әділеттілікке қолжетімділікті жеңілдетіп, атқарушылық іс жүргізу процесінің мөлдірлігін арттыруда.
adilel.kz платформасының негізгі артықшылықтарының бірі – азаматтарға өздеріне қатысты атқарушылық өндіріс материалдарына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін беруі. Бұл функция арқылы, өндіріс материалдарын қарау үшін сот орындаушысының кеңсесіне немесе басқа мемлекеттік органға бару қажеттілігі жойылады. Азаматтар кез келген уақытта және кез келген жерден, тек интернет байланысы арқылы өз құжаттарымен таныса алады. Өндіріске қатысты барлық құжаттар мен іс қағаздар цифрлық форматта қолжетімді болып, ақпараттық ашықтық қамтамасыз етіледі.
Платформаның ең маңызды жаңашылдығы – сот орындаушысының нақты уақыт режиміндегі әрекеттерін бақылау мүмкіндігі. Бұл мүмкіндік атқарушылық өндіріс процесінің мөлдірлігін түбегейлі арттырады, борышкерлер мен өндіріп алушылар сот орындаушысының әрбір қадамын (мысалы, мүлікке тыйым салу, сұраныстар жіберу немесе қаражатты аудару) бақылап отырады. Процестегі кез келген өзгеріс немесе әрекет туралы азаматтар жедел хабардар болып, қажетті жағдайда дер кезінде шағымдануға немесе жауапты әрекет етуге мүмкіндік алады. Атқарушылық іс жүргізудегі ашықтық пен бақылау тетігі жемқорлық тәуекелдерін азайтып, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін күшейтеді. adilel.kz арқылы азаматтарға түрлі өтініштер мен шағымдарды электронды форматта беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл қызметтің арқасында, өтініштерді қағаз түрінде рәсімдеу және оны кеңсеге жеткізу қажеттілігі жойылады. Өтініштер сот орындаушысына немесе тиісті органға бірден жетіп, оларды қарау мерзімі қысқарады. Әрбір электронды өтініш тіркеліп, оның қаралу мәртебесін платформа арқылы бақылауға болады. adilel.kz платформасы – Қазақстанның әділет жүйесін цифрлық трансформациялаудағы маңызды қадам. Платформа атқарушылық өндіріс саласын жаңғыртып, азаматтардың құқықтық ақпаратқа қол жеткізуін, іс жүргізудің ашықтығын және сот орындаушыларының жұмысына деген қоғамдық бақылауды айтарлықтай арттырады. Бұл бастама әділеттілікке қолжетімділікті жеңілдету және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру мақсатына толықтай сәйкес келеді.

