Түркістан қаласы өзінің тарихи тереңдігі мен заманауи келбетін ұштастыра отырып, Орталық Азиядағы ең ірі туристік орталықтардың біріне айналды. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша шаһардың туризм саласы серпінді өсім көрсетіп, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп отыр.
Түркістан қаласы кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласына келушілер мен туристер саны 757 мың адамды құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (580 мың адам), яғни 30,5 пайызға артқан. Әсіресе, шетелдік меймандардың қызығушылығы ерекше қарқынмен өсуде. Атап айтқанда, шетелдік туристер саны 12,5 мың адамға жетіп, былтырғы көрсеткіш бойынша салыстырғанда (5,8 мың адам) 115,5 пайызға, яғни екі еседен астамға басып озды.
Әрине, бұл көрсеткіштер Түркістан қаласының халықаралық имиджінің нығайып, әлемдік туристік картадағы орнының беки түскенін айқын көрсетеді.
Туристер санының артуы қызмет көрсету инфрақұрылымының кеңеюіне тікелей әсер етті. 2025 жылдың ІІІ тоқсанындағы мәліметтер бойынша:
- Орналастыру орындары: Қонақ үйлер, хостелдер мен кемпингтер саны 71-ге жетіп, 9,2 пайызға өсті.
- Нөмірлік қор: 1 483 бірлікті құрап, 8,2 пайызға артты.
- Төсек-орын саны: 3 259 бірлікке жетіп, сыйымдылық 16,1 пайызға ұлғайды.
Бұл сандар қаланың бір мезетте бұдан да көп меймандарды қабылдауға және оларға қолайлы жағдай жасауға дайын екенін білдіреді.
Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де оң нәтиже көрсетуде. 11 айда бұл салаға 43,5 млрд теңге бағытталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,9 пайызға жоғары. Қазіргі таңда 2025-2027 жылдарға арналған құны 16,6 млрд теңгелік 10 ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың нәтижесінде:
- 354 жаңа жұмыс орны ашылады;
- Жыл сайын бюджетке 109,4 млн теңге салық түсімі түседі.
Меймандарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында Түркістан қаласының әкімдігі қоғамдық тамақтану орындарына ерекше талаптар қоюда. Қаладағы 165 тамақтану орны тексеріліп, мәзірлерді кемінде 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) ұсыну бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бұл – шетелдік туристер үшін тілдік кедергілерді жоюға бағытталған маңызды қадам.
Қала қонақтары мен тұрғындары үшін көлік логистикасын жақсарту мақсатында «Turkistan Taxi» атты жаңа қалалық такси қызметі іске қосылды. «Алтын Такси Түркістан» ЖШС-мен бірлескен жоба аясында:
- Жоғары жайлылықтағы 35 заманауи Chery Tiggo 7 Pro автокөлігі сатып алынды.
- Арнайы мобильдік қосымша әзірленді. Қосымша арқылы бағытты белгілеу, жол жүру құнын алдын ала көру және онлайн төлем жасау мүмкіндіктері қарастырылған.
Бұл шешім такси қызметінің ашықтығын, қауіпсіздігін және тиімділігін қамтамасыз етіп, Түркістанның смарт-сити ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.
Қорытындылай келгенде, Түркістан қаласының туризм саласындағы 2025 жылғы жетістіктері — жүйелі жұмыс пен дұрыс стратегияның жемісі. Инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және сервис сапасын арттыру бағытындағы бұл қадамдар Түркістанды әлемдік деңгейдегі туристік хабқа айналдыру жолындағы маңызды белестер болып табылады.
Түркістан — тарих пен болашақ тоғысқан, қонақжайлылықтың жаңа стандарты!

