Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында өнер мен қайсар рухтың тоғысқан ерекше сәті орнады. Шаһарда тұңғыш рет инклюзивті бағыттағы «Дара ұрпақ» театры ашылып, оның шымылдығы «Жарық» атты әсерлі мюзиклмен түрілді. Бұл жоба — мүмкіндігі шектеулі жандардың өнеріне жол ашып қана қоймай, қоғамдағы теңдік пен мейірімділіктің жарқын үлгісіне айналды.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысты. Өңір басшысы өз сөзінде бұл театрдың ашылуы Мемлекет басшысының ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсету тапсырмасының аясында жүзеге асқан маңызды қадам екенін атап өтті.
«Бұл жәй ғана театр емес, өнер мен жігер тоғысқан мүмкіндіктер алаңы. Мемлекет басшысы ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді тапсырған. Біз ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Бүгінде өңірімізде бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, қажетті қолдау шаралары көрсетілуде. Қасиетті қаламызда инклюзивті бағытта ашылған алғашқы өнер ұжымы бүгін «Жарық» қойылымын ұсынып отыр. Өнерде де тең мүмкіндіктер қалыптастырып, ерекше қабілетті балалардың талантын танытуды мақсат еткен театрдың болашағы жарқын болады деп сенемін. Биылғы жылдың өзінде облыстағы кәсіби 3 театрда 310 қойылым көрсетіліп, 30-ға жуық перемьера көрермен назарына ұсынылды. Қойылымдар еліміздің бірнеше аймақтарында сахналанып, халықтың ерекше ықыласына ие болды. «Дара ұрпақ» театры да осы өнер ұжымдары cияқты биік шыңдарды бағындырады деп сенемін. Себебі бұл театрда өнерлі, қайсар және аса талантты балаларымыз өнер көрсетеді, – деген облыс әкімі театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, құрылтайшылар мен жас талантарға алғысын білдірді», — деді өңір әкімі.
Премьераның басталуы да, мазмұны да өзгеше болды. LED экраннан көрсетілген қатысушылардың бейнеролигі көрерменді өнерпаздардың ішкі әлемімен таныстырса, Әли есімді жас таланттың сахналық көрінісі жиналған қауымды бірден баурап алды. Қоларбадағы бишілердің топтық биі адам ерік-жігерінің шексіз екенін көрсетті. Сахнада ДЦП, Даун синдромы, аутизм (РАС), ЗПР диагнозы бар, сондай-ақ көру және есту қабілеті шектеулі 70-ке жуық бала өнер көрсетті. Балалардың сурет байқауындағы ең үздік туындылары инсталляция ретінде ұсынылды.
Бұл мюзикл — тек сахналық туынды емес, ол әрбір баланың жүрегіндегі үміт отын үлкен алауға айналдырған нағыз ерлік пен жеңіс кеші болды. Кәсіби театр әртістері мен жас өнерпаздардың қолдауы қойылымның деңгейін одан әрі асқақтата түсті.
Театрдың құрылтайшылары — әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ербол Көкенов. Олар бұл жобаның негізгі миссиясы — ерекше жандардың өмірге деген құштарлығын ояту және олардың қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіру екенін жеткізді.
Бүгінде Түркістан өңірінде мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан астам бала бар. Өңірде оларға арналған инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. 5 оңалту және 6 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді. «Сауран» спорт клубы ерекше спортшылардың халықаралық аренада жеңіске жетуіне жағдай жасауда. Биылдың өзінде өңірдегі кәсіби театрларда 310 қойылым сахналанып, мәдени өмір жаңа қарқын алды.
Мюзиклдің соңында барлық қатысушылар «Өмір сүр!» әнін орындап, сахнаны жарықпен және мейіріммен көмкерді. Қойылымнан кейін облыс басшысы Нұралхан Көшеров балалармен естелікке суретке түсіп, оларға арнайы сыйлықтар табыстады.
«Дара ұрпақ» театрының ашылуы — Түркістанның тек тарихи емес, сонымен қатар гуманистік құндылықтардың орталығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл «Жарық» қойылымы — үлкен сапардың басы ғана.

