Түркістан қаласы соңғы жылдары тек рухани орталық қана емес, тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз және заманауи мекен ретінде қарқынды дамып келеді. Қала билігінің басты басымдықтарының бірі – бұқаралық спортты дамыту мен өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау. Осы мақсатта шаһардағы ойын және спорт алаңшаларының инфрақұрылымын кеңейту мен жаңғырту жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді.
Түркістан қаласында қазіргі таңда 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы тұрғындарға қызмет көрсетуде. Қала аумағында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіз жағдайда ойнауына, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру – Түркістан қаласы әкімдігінің негізгі басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта қала аумағында, оның ішінде биыл 40 ойын алаңшасына күрделі жаңарту жұмыстары жүргізілді. Ондағы ескірген жабдықтар толықтай алмастырылып, халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестендірілді. Бұл балалардың жарақат алу қаупін сейілтіп, ата-аналардың сенімін арттыруда. Сондай-ақ, жаңа орнатылған алаңшаларда қауіпсіздік пен қолайлылық басты назарда. Жабдықтардың сапасы, балаларға бейімделуі, айналаның көгалдандырылуы және жарықтандыру жүйесі толықтай ескерілген. Мұндай кешендер – тек спортпен шұғылдану немесе балалардың ойнауына арналған орын ғана емес, отбасылық серуен мен әлеуметтік байланыс орнататын мәдени ортаға айналып отыр.
Биылғы жылдың басты жаңалығы – қаланың түрлі аумақтарында 9 жаңа ойын және спорт алаңшасының бой көтеруі. Бұл нысандар кездейсоқ таңдалған жоқ, олар жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен қажеттіліктері негізінде салынды.
Мәселен, Қазыбек би, Алтай, М. Әбенова, А. Жангелдин, Мұғалжар, Ш. Уәлиханов және Р. Дастанова көшелерінде жаңа балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Хақназар хан мен Ш.Ниязов көшелерінде заманауи футбол алаңшалары ашылды. Бұл жастар арасында футболдың танымалдылығын арттырып, кәсіби спортқа жол ашатын маңызды қадам болмақ.
Барлық құрылыс жұмыстары ақпан айында басталып, қысқа мерзім ішінде толық аяқталды. Әрбір алаңша кешенді түрде жабдықталған. Мысалы, арнайы жұмсақ төсеніштер мен сапалы қоршаулар орнатылған. Алаңшалардың айналасы көгалдандырылып, демалуға арналған орындықтармен қамтылған. Жарықтандыру және суару жүйелері талапқа сай ұйымдастырылған, бұл нысандарды кешкі уақытта да тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Түркістанды дамыту жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Қаланың даму жоспарына сәйкес, 2026 жылға дейін қосымша тағы 10 аумақта жаңа ойын және спорт алаңшаларын салу жоспарланып отыр. Бұл қаланың шеткі аудандарын да заманауи инфрақұрылыммен толық қамтуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарды мемлекет тарапынан жасалған осы игіліктерге ұқыпты қарауға шақырады. Қоғамдық мүлікті сақтау – әрбір азаматтың парызы.
Түркістан – бірлесе дамытатын, бірге сақтайтын қаламыз. Жаңа алаңшалар шаһардың шырайын ашып, дені сау, белсенді ұрпақтың өсуіне қызмет ете бермек.
Түркістан қаласы әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Егер ойын немесе спорт алаңшаларында бүліну, бұзақылық немесе ақаулар байқалған жағдайда, 109 байланыс нөміріне хабарласу ұсынылады.
Қорытындылай келе, Түркістан қаласында қолға алынған бұл игі бастама – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Алдағы уақытта мұндай жобалар саны артып, Түркістан қаласының тұрғындары үшін қауіпсіз, заманауи және жайлы инфрақұрылым кеңейе түсетініне сенім мол.

