Түркістан – жай ғана географиялық нүкте емес, бұл – ұлттық рухтың бесігі, түркі әлемінің темірқазығы және ғасырлар бойы үзілмеген тарихи сабақтастықтың символы. Оның әрбір көшесі өткен күннің сырын шертіп, әрбір ауласы ертеңгі күнге деген үміт пен сенімнің сәулесін шашып тұрғандай. Бұл шаһар – көне мен жаңаның, байырғы дәстүр мен заманауи инновацияның алтын көпірі.
Түркістанның тарихы – бұл біздің бабаларымыздың арман-тілегі мен күрес жолының шежіресі. Қаланың жүрегі саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тек сәулет өнерінің жауһары ғана емес, ол – бүкіл түркі жұртын бірлікке, имандылыққа және парасаттылыққа шақырған рухани орталық.
Кесененің көгілдір күмбездері мен қыш қабырғаларындағы көне жазулар Ұлы Жібек жолының бойындағы сауданың дүбірін, даналардың пәлсапалық толғауларын және батырлардың аманатын сақтап қалған. Түркістанның әрбір тасы өткеннің әуенін тербетіп, бізге «тамырыңды ұмытпа» деп сыбырлап тұрғандай әсер береді. Бұл жерде хан ордалары тігіліп, тағдыршешті шешімдер қабылданған, сондықтан да Түркістан – қазақ мемлекеттігінің символы.
Түркістан – мәдениеттердің алтын арқауы. Мұнда көне дәстүрлер бүгінгі күннің тынысымен астасып жатыр. Қолөнершілер орталығындағы балшықтан құйылған құмыралар, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар мен тоқылған кілемдер – бабалар өнерінің өлмегендігінің дәлелі.
Қаланың мәдени өмірі театрлармен, музейлермен және кітапханалармен толығып, рухани азық іздеген жанға кең мүмкіндік сыйлайды. Халықаралық деңгейдегі форумдар мен фестивальдер Түркістанды әлемдік мәдениет картасындағы маңызды нүктеге айналдырды.
Бүгінгі Түркістан – бұл қарқынды даму мен креативті шешімдердің алаңы. Қаланың әрбір ауласында, әрбір жаңа кварталында болашақтың нышандары байқалады. «Керуен-сарай» туристік кешені, «Ұлы Дала елі» орталығы, заманауи әуежай мен смарт-технологиялармен жабдықталған тұрғын үйлер қаланың футуристік келбетін қалыптастыруда.
Қаланы көгалдандыруға бағытталған «Жасыл белдеу» жобасы Түркістанды экологиялық таза, жайлы мекенге айналдыруда. Бұл – келер ұрпаққа қалдыратын ең үлкен сый. Жаңа мектептер мен университеттер – болашақтың сәулесін жағатын білімді жастардың ордасы. Түркістан бүгінде цифрландыру мен инновацияны ұштастыра отырып, «ақылды қала» (Smart City) концепциясын жүзеге асыруда.
2025 жыл ел тарихында естен кетпес естелігімен жатталып қалары сөзсіз. Неге десеңіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Ол Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.
Құжатта қамтылғаны:
тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;
археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;
тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;
қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;
археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;
мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;
қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;
тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;
мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;
туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.
Мемлекет басшысы өзінің ел Президенті ретіндегі алғашқы сапарының қазақ мәдениетінің, тарихы мен руханиятының орталығы саналатын Түркістан қаласынан басталуының символдық мәні зор екенін айтқаны да қазақ тарихының бетінде өшпестей із қалдырды.
– Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Алдағы жұмыстарым туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Түркістан – біздің өткенімізді мақтан тұтып, болашағымызды нық қадаммен жоспарлайтын киелі мекен. Ол тарихтың шаң басқан парақтарынан шығып, заманауи әлемнің жарқын келбетіне айналды. Түркістанның әрбір көшесіндегі өткеннің әуені бізді рухтандырса, әрбір ауласындағы болашақтың сәулесі бізді алға жетелейді. Бұл шаһар – қазақ елінің мәңгілік жастығы мен қуатының белгісі. Түркістан – тарих пен мәдениеттің алмын көпірі, өткеннің әуені мен болашақтың сәулесі ретінде танимыз.

