Кентау жоғары гуманитарлық – техникалық колледжінде Тәуелсіздік күніне арналған іс — шаралар легі аясында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алуға арналған «Ар намысым, қасіретім, мақтанышым» атты танымдық жиын өтті. Шара колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ә. А. Қайырбековтің бекітуімен ұйымдастырылды.
Танымдықты дәріптейтін шара арқылы колледж студенттеріне еліміздің қысқаша тарихы туралы мағлұмат беру. Өткен тарихымызға деген ұлттық сүйіспеншілікті қалыптастыру және Отанымыз Қазақстанды өркендетуге білімді адамдар керек екенін түсіндіру және Отанды сүюге тәрбиелеу, туған елін, жерін қорғау әрбір азаматтың міндеті екенін білгізу және ұлттық педагогика негізінде жеткізу.
Сондай-ақ, жастардың ой-өрісін дамытып, білім деңгейін көтеру, шығармашылық ізденісін қалыптастыру, белгілі бір пікір айтуға, тұжырым жасатуға үйрету, патриотизм сезімін қалыптастыру.
Жиынның шымылдығын Айкерім Түймебаева мен Ақниет Бекшораева ашып, Желтоқсан көтерілісінің шығу себептері мен тарихи маңызына тоқталды. Олар солақай империялық саясатқа қарсы шыққан қазақ жастарының өр рухы мен қайсарлығын тарихи деректерге сүйене отырып баяндады.
Шара барысында студенттер дайындаған сахналық көріністер ұсынылып, 1986 жыл оқиғалары жадымызда қайта жаңғырғандай әсер қалдырды. Экраннан көрсетілген тарихи кадрлар мен сол уақыттағы қудалауға ұшыраған жастар туралы мәліметтер көрермендер санасын тағы да бір тілгілеп өткендей болды. Әсіресе Қайрат Рысқұлбековтің қамауға алыну сәтінен көрсетілген көрініс аудиториядағы жұртты ерекше толқытты. Сондай — ақ кеш барысында Желтоқсан құрбандарының суреттері сахнаға шығарылып, олардың рухына тағзым ретінде бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Жиынның ең әсерлі бөлігі — Желтоқсан оқиғасына қатысқан куәгер, кеш қонағы Сағымбаева Сәбира Алшынбай қызының естелігі болды. Ол сол кезеңдегі жастарға жасалған қысым мен әділетсіздікті өз көзімен көрген куәгер ретінде тебірене айтып берді. Оның сөздері студенттерге ерлік пен елдік ұғымының шынайы бағасын түсіндірді. Шара соңында жүргізушілер тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің даму кезеңдеріне тоқталып, Желтоқсан оқиғасы — егемендіктің бастауы, ел рухын оятқан тарихи бетбұрыс екенін атап өтті.
Кентау жоғары гуманитарлық– техникалық колледжінде өткен тағылымдық кеш — өскелең ұрпаққа тәуелсіздіктің қадірін ұғындырып, Желтоқсан қаһармандарының рухын құрметтеуге үндеген маңызы зор тәрбиелік шара болды. Іс – шара соңында жиынға қатысушылар естелік суретке түсті.

