Кентау жоғары гуманитарлық – техникалық колледжінің студенттері қазақ тілі мен әдебиет апталығының екінші күнінде қалалық тарихи — өлкетану мұражайына арнайы саяхат жасады. Студент жастарды тәрбие ісінің орынбасары Әділбек Қайырбеков бастап барып, бұл күннің мазмұнды өтуіне жетекшілік етті.
Мұражайға барған студенттерді экскурсовод қызметкері Асылбекова Гүлзира қарсы алып, Кентау қаласының қалыптасу тарихы, ондағы өндіріс және мәдениет пен руханият саласындағы маңызды деректермен таныстырды. Жастар тарихи суреттер мен жәдігерлер қойылған бөлмелерді аралап, қаланы көркейту жолында еңбек еткен тұлғалардың өнегелі өмір жолдары жайында мол мағлұматтар алды.
Апталықтың «Тағдыр жолы» атты тақырыбына сәйкес, студенттер белгілі театр сыншысы, жерлесіміз Әшірбек Сығайға арналған арнайы бұрышты тамашалады. Кентау, Түркістан, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атанған «Құрмет» орденінің иегері Әшірбек Сығай 1947 жылғы қаңтар айының 11 – күні Кентау қаласында дүниеге келген. Қарапайым отбасынынан шыққан Ә.Сығай қазақ театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға. Кентаудағы он жылдық мектепті бітірген соң, ол 1965 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ өнер институтына оқуға түсіп, кейін сол білім ордасында қызметін жалғастырған. Өмірін өнерге арнап, талмай жазу — сызумен айналысқан оның еңбегі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері атағымен, «Тарлан» сыйлығымен, басқа да көптеген медальдармен бағаланған.
Көптеген танымал әндердің авторы, журналист әрі ғалым Бекжігіт Сердәлі өзінің «Ән салдырған ауылым» атты кітабында театр сыншысы Әшірбек Сығай туралы ерекше сағынышпен еске алады: «Жазғы демалыс күндерінде Әшірбек біздің ауылға жиі келетін. Ол кезде ол жас, өнерге шөлдеп тұрған шағы. Кешкілік өрістен мал келген соң, Әшағаң үшін өнер сахнасы ашылатын. Балаларды жинап алып, қозы — лақпен қойылым қояды. Бірін «Қозы», бірін «Қодар», тағы бірін «Тазша бала» — деп атап, түрлі көріністер жасайды. Кейде тіпті «Гамлет» пен «Отеллоға» дейін сахналайтын. Әр кейіпкердің дауысын келтіріп, режиссер де өзі, актер де өзі болып, біздің күлкімізді келтіретін. Әшірбек деген нағыз хас талант еді, сөйлесе шешендігіне сөз жетпейтін» – деп тебіренеді.
Сапар қорытындысында студенттер мұражайдан терең тарихи танымдық, тағылымды мәліметтер алып қайтты. Тәрбие ісінің орынбасары Әділбек Қайырбеков те мұражайға саяхат барысында қала тарихы мен өңірге еңбегі сіңген тұлғалар жөнінде қосымша түсіндірмелер жасап, жастардың көзқарасын кеңейте түсті. Мұражайға жасалған бұл саяхат қазақ тілі мен әдебиет апталығының мазмұнын байытып қана қоймай, студенттердің туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани дүниесін толықтырған мәнді күн болды.

