Қазіргі жаһандану заманында жастардың білімге ұмтылуы, кітап оқу мәдениетін дамытуы – ұлттың зияткерлік және мәдени деңгейін көтерудің маңызды шарты. Білім мен кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, тұлғалық дамуына ықпал ететін басты факторлардың бірі. Қазақстанда жастар арасында кітап оқуды насихаттау және білімге деген ынтаны ояту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта түрлі бағдарламалар мен жобалар іске асырылып, жастарды оқуға ынталандыру мақсатында кешенді шаралар атқарылуда.
Бүгін Кентау қалалық орталық кітапхана мен Кентау көпсалалы колледжі қызметкерлері бірлесіп қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай “Ол-халықтың Бауыржаны” атты портрет кешін өткізді.
Кештің мақсаты жас оқырмандарды, кітап оқу арқылы ізгілікке, ой-сананы күшейтуге, білімге, жақсылық жасауға құлшындыру және қазақтың бір туар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының адамгершілік қасиеттерін, соғыс кезіндегі адам тағдыры мен оның көркемдік және патриоттық сезімін оятып, келешек ұрпаққа батырлық, ізгілік, адамгершілік ұғымын ашып көрсету, өмір жолын дәріптеу.
Колледж студенттеріне кешті ұйымдастырушылар «Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім – Бауыржан Момышұлы» деген тақырыпта баяндама жасады.
Бауыржан Момышұлы жаратылысында ақын, суреткер адам. Қазақ халқының біртуар батыр ұлы Бауыржанның Кеңес үкіметі мен қазақ халқы үшін жасаған ерліктері мен еңбектері өте зор болды. Ол тек қана әскери адам ретінде ғана емес, сонымен бірге жазушы ретінде де танылды. Оның еңбектерін оқыған жас буын өкілдері Отанға деген сүйіспеншілікті бойларына сіңіріп өсті. Өскелең ұрпақ алдында өзінің ерлігі мен тікмінез қайсарлығын көрсете білді. Бауыржан Момышұлы — соңғы панфиловшы.
Бауыржан Момышұлы Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылында дүниеге келген. Оның өмір мен өлім, оқ пен оттың арасында жазған хаттары сол жылдардағы көкейтесті мәселелерге арнаған. «Қазақ халқының ұлттық салт — дәстүрі», «Қазақ тілі». «Қазақстан жазушыларына», «Кенесары туралы», «Қойын дәптеріндегі жазбалар» сынды хаттары осының дәлелі. Бауыржан Момышұлы әскер қатарына 1932 жылы алыныпты. Еңбекқор, іскер азаматтардың қандай да болсын істен нәтиже шығара білетіні белгілі. Баукең бойындағы мұндай қасиеттерін әскер қатарынан оралғаннан кейінгі жылдары көрсетсе керек.
Бауыржан Момышұлы бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді. Осылайша қазақ халқы батыр ұлының асқақ рухын тағы бір рет ұлықтады.
Б.Момышұлы шығармаларының маңызы — оқиғаларды шыншылдықпен бейнелеуінде, сондай- ақ борыш, ар-намыс, сенім, патриотизм сияқты моральдық — этикалық мәселелерді шешуге құралады. Бауыржан Момышұлының қазақ әдебиетінде алатын орны айрықша. Ол бірінші бой көрсеткен әскери жазушы. Оның қызық ерекшелігі — әрі даңқты командир, әрі белгілі жазушы, әрі өз шығармаларының авторы мен кейіпкері, әрі басқа жазушылардың да басты кейіпкері.
2025 жылдың 24 желтоқсанында Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты әскери қолбасшысы, стратег, Кеңес Одағының батыры, жазушы, суретші, ақын өзінің отты өмiрi мен өшпес мұра етіп қалдырған бай шығармашылығы арқылы көзінің тірісінде төрткүл дүниеге танылған, өскелең ұрпаққа үлгі болған, бабамыздың бірі — Бауыржан Момышұлы биыл 115 жасқа толады,- деп кеш оқырмандары өмір жолынан дерек алды.
Мұнан кейін студенттерге арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесінен көрнекті жазушының орыс және қаза тілдерінде жазып қалдырған «Бір түннің тарихы», «Ұшқан ұя» сияқты алғаш шыққан кітаптары мен одан кейін жазылған «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан» сияқты өзге де көптеген шығармалары таныстырылды. Қазақтың бір туар батыр ұлы туралы жазған қазақ жазушыларының шығармалары мен ол туралы түсірілген фильмдер туралы да мәлімет берілді.
Колледж студенттері де батыр бабамыз туралы көрген кинолары мен оқыған кітаптары жайында әңгімелеп берді.
Бүгінгі кеш жастардың жүрегіне әсерлі де рухани байлық сыйлады.

