Кеше Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Кентау қаласында болып, қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Шараға қала әкімі Жандос Тасов, әкімдік аппаратының қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары, құзырлы орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.
Кентау халқымен өткен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттардың өңірде іске асырылу барысы кеңінен талқыланды.
Жиынды қала әкімі Жандос Тасов ашып, күн тәртібіне қойылған мәселелердің маңыздылығын тарқатты. Одан кейін қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов Жолдау аясында Кентау қаласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қолға алынған бастамалар жөнінде баяндама жасап, бүгінгі Кентау қаласының өркендеуі мен жаһандану жолындағы игілікті істер жайын ширатты. Әсіресе, жаңартылған инфрақұрылым жұмыстары, тұрғын үй құрылысы, жол бағытындағы жаңашылдықтар жайын сөз етті.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолшыбек Аққұлов Жолдауда көрсетілген әрбір бағыттың қоғам үшін маңызын атап өтіп, әсіресе жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және ел бірлігін нығайту мәселелерін қамтыды.
Кездесуде сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерді саралап, елімізді цифрландыру, инновацияларды қолдану, экономика мен әлеуметтік салаларды дамыту, білім және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бағытындағы саяси бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар ол «Заң мен тәртіп» идеологемасының, «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бағдарламаларының әділ қоғам құрудағы рөлінің маңыздылы жайында айтты. Президент кеңесшісі қала тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, ел игілігі жолындағы бастамаларға қолдау көрсетуге шақырды.

