Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Темірлан елді мекенінде ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, олармен бірге тал егу рәсіміне қатысты. Іс-шара «Темірлан» саябағында өтті. Онда 100-ден астам тал көшеті, яғни 35 шырша, 40 арша, 25 үйеңкі және 10 жеміс ағашы отырғызылды.
Бұл саябақты абаттандыру мақсатында арнайы тамшылатып суару жүйесі тартылған. Тамшылатып суару жүйесі егілген талдардың дұрыс өсуіне жағдай жасап, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері ауданның көркеюіне осылайша үлес қосу үшін, бұл акцияның барша Қазақстандықтарға ортақ іс екенін атап өтті. Аудан әкімі көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта жоспарлы түрде жалғасатынын айтты.
Нақты ақпаратқа сүйенсек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ордабасы ауданында да жыл басынан бері санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Әр апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктерге мыңдаған тұрғын, қоғамдық ұйымдар мен жастар белсенділері қатысып келеді. Биыл ауданда барлығы 15 мыңнан астам тал-терек егілді.
Ордабасы ауданының гүлденіп, көркеюі бағытындағы мұндай шапағатты жұмыстар жалғасын табары сөзсіз.

