Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың жұмыс кестесіне байланысты, бүгінгі күн Жеңіс және Бөген ауыл округтерінің тұрғындарымен кезекті есептік кездесуге ұласты.
Кездесу басы аудан басшысының 9 айдағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыруға байланысты атқарылған жұмыстармен таныстырылып, ауыл округтеріндеалдағы белгіленген жұмыстардың барысы мен атқарылар нақты жоспарлары баяндалды.
Халықпен тікелей ашық форматта өткен кездесуде алдымен Жеңіс ауыл округіндегі мәселелер тарқатылды. Кезекті кездесу алдымен аталған ауыл тұрғындарымен болғандықтан, ел ішіндегі өзекті мәселелері тыңдалып, олардың орындалуы барысы аудан басшысының тарапынан жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берумен жүктелді.
Тарқатып айтар болсақ, Жеңіс ауыл округінде 2025 жылға бекітілген бюджеті 70 млн 835 мың теңгені, ал өзіндік кірістері 35 млн 082 мың теңгені құрады. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан көтерілген 4 мәселенің 3-і шешімін тапса, 1 ұсыныс бақылауда қалдырылды.
Бүгінгі таңдағы ауылдағы ең мәйегі тамған мәселелердің бірі – суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету бағытында “Р-6” каналының 7 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 270 млн теңгені құрайды, мердігер мекеме — “СМУ-17” ЖШС. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы жоспарланған. Бұған дейін, 2022 жылы каналдың 3 шақырымы бетондалған болатын.
Жалпы алғанда округ аумағында 3 859 гектар суармалы алқапты қамтамасыз ететін 5 канал бар, оның 17,3 шақырымы механикалық тазартудан өтті.
Ал, ағын суды үнемдейтін технологияларды енгізу бойынша биыл округте 650 гектарға тамшылатып суғару жүйесі енгізілді.
Сонымен қатар, Дихан ауылына жаңа ойын алаңшасы салынып, көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Табиғи газбен қамту бағытында архитектуралық құжаттарды әзірлеу үшін газ құбырларына мемлекеттік акт рәсімделді.
Сондай-ақ, “Таза су” мекемесі тарапынан атқарылуы тиіс ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын толық аяқтады. Бұдан бөлек, “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС инвестициялық бағдарлама аясында 3,5 шақырым электр желісіне жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, трансформаторларды толық ауыстырылды.
Мұнан бөлек, Бөген ауыл округінің биылғы жылғы бюджеті 79 млн 548 мың теңгені, ал өзіндік кірістері 19 млн 530 мың теңгені құрады. Жыл басынан көтерілген 4 мәселенің 2-еуі шешімін тауып, қалған 2 ұсыныс бақылауда екені тұрғындарға жеткізілді.
Ауылдағы суармалы 4 363 гектар жерді қамтамасыз ететін 7 каналдың екеуіне — Р-1 және ЛБК каналдарына — жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, күрделі жөндеу жұмыстары басталды. ЛБК каналының 4,2 шақырымы механикалық тазартудан өткізілді.
Тамшылатып суару технологиясы Бөген ауылында 20 гектар алқапқа енгізілген жағымды ақпарат та кеңінен тарқатылды.
Әдеттегідей, кездесу барысында тұрғындар денсаулық сақтау, көше жарығы, жолдарды асфальттау, мәдениет үйінің қоршауын салу және жайылым тапшылығы мәселелерін көтерді. Аудан әкімі аталған бағыттар бойынша ауылдық округ әкімдігіне және жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында Азат Оралбаев қоғамдық жауапкершіліктің маңызын тоқталып, қоршаған ортаны таза ұстау, ауыл аумағын көгалдандыру және ортақ іске үлес қосу әр тұрғынның азаматтық міндеті екенін жеткізді.

