Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады. Ел Президенті ауыл әкімдерінің диалог-платформасында «ауыл басшылары» жайлы дәл осындай түсінік берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жыл өткен сайын халықтың талап-тілегі артып келеді. Бұл – бүкіл әлемге ортақ үрдіс. Әкімдер халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізуге тиіс.
«Олар барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуі қажет. Бірақ бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын үнемі жұртқа түсіндіріп отырған жөн. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Әрине, айтылған ұсыныс-пікірге назар аудару керек. Бірақ әркімнің, әсіресе, іс-әрекеті ерсі, ниеті теріс, тіпті, арандатушы адамдардың ығына жығылмай, жетегінде кетпей, ақылға қонымды ұсынысты ғана қабылдау қажет. Негізі, бұл – барлық деңгейдегі әкімдерге ортақ ұстаным. Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады. Мен жақында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әсіресе әкімдердің жұмысына бағдар беретін өте маңызды құжат»,-деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Әбдіғалиұлының халықпен кездесулері Мемлекет басшысы айтқандай, ашықтық пен іске асырушылық бағытта өрбуде деуге болады.
Кешегі күн аудан әкімі Азат Оралбаев тұрғындарымен кезекті кездесуін Бадам және Бөржар ауыл округтерінде өткізді. Кездесу барысында алдымен 2025 жылдың 9 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндап, келесі кезекте кездесу өтіп отырған ауыл округтеріндегі атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштерге тоқталды. Тарқатып айтар болсақ, Бадам ауыл округінің биылғы бюджеті 209,8 млн теңге көлемінде бекітіліп, өзіндік кірістер айтарлықтай артқан, сол арқылы жергілікті жобалар – көше жарығы, абаттандыру, ойын және спорт алаңшалары қаржыландырылуда. Бадам округінде өткен жылы көтерілген 9 мәселенің 2-сі толық шешіліп, 7 бағыт бойынша жұмыс жалғасуда. Көше жарығы, балалар ойын алаңшасы, ардагерлер үйі, ағынсу, электр желілері, трансформаторлар, сергек камералар, ауызсу, газ, жол жөндеу, абаттандыру бойынша 29 жоба іске асырылуда. 58 га жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді, жылыжайлар субсидия алуда.
Сонымен қатар, Бөржар округінде бюджет түсімі ұлғайып, 121,9 млн теңгені құрап, инвестициялар ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалуда. 8 ұсыныстың 2-сі шешіліп, абаттандыру, жол жөндеу, ауызсу, электр желілері, спорт және балалар алаңдары, ағын су жүйелері бойынша 6-ұсыныс кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, жиын барысында тұрғындардың: стадионды қоршау, көгалдандыру, жол мен көше жарығы, ойын алаңдары, электр желілері, бағаналар, жол кедергілері, көшеге ат қою, әлеуметтік көмек, мәдениет саласы, ағын су каналдары, спорт кешендері жөніндегі сұрақтары қаралып, аумақ әкімдігі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Жиын соңында аудан басшысы кейбір мәселелер тұрғындармен бірлесе шешілетінін атап өтіп, тұрғындарды жеке қабылдады.
Ия, «Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек. » деген Мемлекет басшысының сөзі аудан басшысы Азат Оралбаевтың іс-әрекетіне арналған іспетті.

