Мемлекет басшысы халықпен тиімді кері байланыс орнатуға айрықша назар аударуда. Ал, біз жергілікті жерде бұған қаншалықты мән беріп отырмыз?
Соңғы кезде елімізде болып жатқан саяси жаңғырудың бір көрінісі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама билік пен қоғам арасындағы ашық байланыстың болуын, маңызды шешімдерді қабылдауда қарапайым халықтың ұсынысын ескеруді көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», — деген еді.
Президент тұжырымдамасы бүгінде жемісті түрде жүзеге асып, мемлекет пен халықтың арасында байланыс орнады. Қазір құзырлы органдар тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, тығыз жұмыс істейді. Осы орайда Ордабасы ауданының әкімі Азат Әбдіғалиұлы алғашы халықпен кездесуін Шұбар және Шұбарсу ауыл округтеріндегі тұрғындармен жүргізген болатын. Сол кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштер, көтерілген мәселелерді пысықтау мақсатында бүгін аталған ауылдардағы инфрақұрылымдық жобаларды тексерді.
Шұбар ауыл округінде, Береке ауылында тұрғындардың өтініші бойынша жаңа су ұңғымасы қазылып, қазіргі таңда жер асты су көзін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, Шұбарсу ауылына негізгі газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткішін арттыруға арналған маңызды шара болып отыр.
Аудан басшысы жобалардың барысын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын, техникалық процессті көріп, қажетті нұсқаулар берді.
Басқосуларда тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелер айрықша назарға алынып, шешілуі бақылауға қойылады.

