Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырмалар беруде. Осы бағыт бойынша өңірімізде ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
Нақтырақ айтсақ, Ордабасы ауданының басшысы Азат Әбдіғалиұлы Оралбаевтың айтуынша, елді мекендерді газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек. Жалпы алдағы уақыттың еншісінде аудан 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
– Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Сонымен бірге еліміз газды жылдан жылға көбірек тұтынуда. Бірақ, газ өндіру қарқыны оған сай емес. Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі. Осы сұранысқа сай әрдайым ұсыныс болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудан аумағында табиғи газ тарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйымдар өкілдері мен жауапты сала қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті. Жиын барысында аудан басшысы әр мердігер мекемеден өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыс көлемі, орындалу қарқыны және қалған учаскелердегі жоспарлы міндеттемелер жөнінде есеп алып, нақты мәліметтермен танысты.
Аудан әкімі Азат Оралбаев: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылдарды дамытудың маңызын атап өтіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында аймағымыздағы байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың нәтижесін халық көре бастады. Бүгінде аудан тұрғындарының жартысынан астамы ауылдарда тұрады. Алдағы уақытта газ тарту жұмысы жоспарланған ауылдарға сапалы газ жеткізу ісі қарқынды жүргізілуі үшін атқарылатын жұмыстардың жіті бақылауда болатынын жеткізді.
Сонымен қатар газ желісін әрбір абонентке қосу бойынша атқарылып жатқан шаралар, жұмыс барысындағы мердігер мекемелер жолығып отырған мәселелер талқыланды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі газ желісі тартылған ауылдарда тұрғындардың толық қосылуы — басым міндет екенін атап өтті. Жауапты сала қызметкерлері мен мердігерлерге үйді-үйге табиғи газ қосу жұмыстарын жеделдету, тұрғындарға құжат рәсімдеу кезінде барынша қолдау көрсету және өзара бірлесіп, үйлесімді жұмыс жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді
Сонымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,– деп атап өткен болатын. Осы бағыттағы басымдыққа Ордабасы ауданы да жақын уақыттарда табан тіреуі әбден мүмкін.

