Жыл басынан бері Ордабасы ауданында жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатқан ауқымды шаралардың басы-қасында жүрген аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы Оралбаевтың еңбегі ерен. «Қоршаған ортамызды қорғау және таза ұстау адамдардың өз қолында. Өзің тұратын аумаққа деген сүйіспеншілік оның табиғатын құрметтеуден басталады.
Неге десеңіз, ауданымыздың сұлулығын сақтау үшін күнделікті өмірімізге тазалық мәдениетін қалыптастырумыз керек. Осы орайда, ауданымызда тазалық жұмыстарын жүргізу бір бөлек, ал оны ластамау керектігін де ұмытпаған жөн. Көшелерде, аулаларда және қоғамдық орындарда қоқыс тастамаңыз! Өзің мекен ететін ауылыңның тазалығына мейірімділікпен қараңыз. Себебі, Ордабасы ауданы – біздің ортақ үйіміз.», — деген аудан басшысының осы бір сөзі жадымда қалып қойыпты.
Балалық шақтан бастап топырағына аунап, шаңын жұтқан жер, туған ауыл, асыр салып ойнаған көше адамның есінде мәңгі қалады. Сондықтан болар әрбір адам үшін кіндік қаны тамған жері қашанда ерекше ыстық болып келеді. Халық арасында бұрыннан бері кеңінен айтылып келе жатқан «Туған жердің күні де ыстық, күлі де ыстық» деген сөз – соған дәлел. Жылдар алдыға жылжып, айнала үнемі өзгеріп, құбылып отырағанына қарамастан, әркезде де осы сөздің мағынасын терең түсіне біліп, туған аулынан алшақтамай, оның өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін салатын азаматтар болады.
Дүйім елдің алдында түзу де жарқын жол көрсетіп, ілкімді іс бастауға шақыратын аудан басшысы Азат Оралбаев аудандағы ісін дөңгелетумен қатар туған жерінің жағдайына да көңіл бөлуді еш ұмытпаған. Әсіресе, ауданда атқарылып жатқан түрлі жұмыстарды айтпағанда, ауыл-аймақтың тазалығын алдыңғы орынға қоятын еңбегін айта кетуді жөн санадым.
Бүгінгі күн де аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан орталығындағы ПМК аумағында өткен ауқымды сенбілік те Азат Әбдіғалиұлының мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға ауыл округ әкімдігінің қызметкерлері, аудандық бөлімдердің мамандары және жергілікті белсенді тұрғындар қатысты.
Сенбілік барысында қоқыс жинау, шөп шабу, аяқжолдарды, жалпы аумақты тазарту жұмыстары атқарылды. Жалпы саны 10 арнайы техника жұмылдырылып, 5 шақырым көше бойындағы қураған шөптер шабылып, арнайы орындарға шығарылды. Көшелер мен аумақтар қоқыстардан толық тазартылды. Су жүретін арық-атыздардың су өткізу қабілеті қалпына келтірілді. Шара соңында ұйымдастырушылар «Бұл сенбіліктің мақсаты – аумақтың санитарлық жағдайын жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді көркейтіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру болып табылады. Акцияға қатысқан әрбір азаматқа алғыс білдіреміз»- деп атап өтті.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының бастамасын алға қойған Ордабасы ауданында жалпы аудандық сенбіліктер жиі өткізілуде. Табиғаты ерекше сұлу да көрікті ауылдық округтерде тазалық жұмыстары кезең-кезеңімен өткізілуде. Бұл дегеніміз, еліміздің экологиясын тазарумен қатар, жаңаруына септігін тигізетіні сөзсіз.
Айта кеткеніміз абзал болар, жалпы Ордабасы ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының орындалуы алдыңғы орынға қойылған. Сонымен қатар, бағдарламаның мақсатын түсіндіруге арналған экологиялық акциялар, семинар және балаларға арналған түрлі бағыттағы танымдық шаралар жиі ұйымдастырылады. Бұл аудан аумағында тұратын тұрғындарды табиғатты аялауға шақырып қана қоймай, оның қадір қасиетін түсінуге, экологиялық тәрбиенің қалыптасуына себепші болатыны рас.

