Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» жобасына 2029 жылға дейін 600 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді деген болатын ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөз сөйлеп және ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуді тапсырды.
Сондай-ақ, Президент осы бағытта ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту ісіне назар аудару қажет екенін айтты.
— «Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі. Алайда бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады.
Рас, мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбаған. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді. Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет.
«Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ауылды дамыту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуетін кеңінен пайдалануды да тапсырды.
Жуырда өткен Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумы барысында елдегі ауыл шаруашылығын дамыту, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Президент форумда ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Ордабасы ауданында да осы тұжырымдама аясында нақты қадамдар атқарылуда. Ауыл шаруашылығын қолдау, мал шаруашылығын дамыту, егін шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу, фермерлерге несие және субсидия беру сияқты іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындары үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлікті дамыту, отбасылық бизнес ашу мүмкіндігі жасалуда. Бұл шаралар ауылдың экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Ордабасы ауданының ауылдарында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту қолға алынған. Жаңа мектептер мен медициналық нысандар салу, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу, су жүйелерін қалпына келтіру, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, ауылда тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Президент атап өткендей, ауыл – елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі тірегі. Сондықтан Ордабасы ауданында ауылды дамыту жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Жергілікті билік пен тұрғындардың бірлескен еңбегі, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуы аудандағы ауылдардың жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізуде.
Ордабасы ауданында орналасқан «Елнұр-Айдар» өндірістік кооперативі ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқан бірегей кәсіпорындардың бірі болып табылады. Жылыжай жұмыстарының тағы бір маңызды аспектісі – ауылдық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі. Шаруашылыққа қосымша суару жүйелері, электр желілері, көлік жолдары және сақтау қоймалары тартылып, ауылдағы өндірістік ортаны жаңғыртты. Бұл өз кезегінде аймақтағы аграрлық кәсіпкерлікті қолдауға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ордабасы ауданында мұндай ірі жылыжайлардың ашылуы ауыл шаруашылығын индустриялық деңгейге көтеруге, жас кәсіпкерлерді тартуға және ауылдық жерлердегі тұрақты табыс көздерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Кооперативті агроном мамандығын игерген, өз ісінің шебері Сайдазимов Елнұр басқарып отыр. Ол ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін беріп, жергілікті тұрғындарға жаңа еңбек мүмкіндіктерін ұсынып келеді. Бүгінде жылыжай шаруашылығын дамытқан кооперативте лимон, мандарин, құлпынай, алма сияқты түрлі жеміс-жидектер өсірілуде. Заманауи технологиялар мен табиғи тыңайтқыштарды пайдалану нәтижесінде өнімнің сапасы жоғары, экологиялық таза ауыл шаруашылық тауарлары алынып отыр.
Сонымен қатар, «Елнұр-Айдар» кооперативі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, әлеуметтік жауапкершілік танытуда. Субсидияланатын жұмыс орындарының арқасында көптеген азаматтар еңбек етіп, өз отбасыларының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік алып отыр.
Елнұрдың еңбегі — ауыл шаруашылығын дамыту мен еңбек адамдарының мәртебесін көтерудің жарқын үлгісі. Осындай іскер азаматтардың табандылығы мен жаңашыл көзқарасы ауыл экономикасының өркендеуіне зор үлес қосуда.
Жылыжайдың жұмысы тұрақты дамудың нақты мысалы болып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Өнімділік пен сапаны арттыру арқылы аудан экономикасына тұрақты табыс көздері енгізіледі, бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізеді.

