«Әлемнің әміршісі – еңбек», «Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Шын мәнінде, адал еңбекке бет бұрып, осынау өміршең құндылықты қазіргі нарықтық заманға сай кәсіпкерлікпен ұштастырып отырған азаматтар арамызда аз емес. Әлбетте, шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жайып, өркендеуіне мемлекет тарапынан да тиісті бағдарламалар арқылы нақты көмек-қолдаулар көрсетіліп отырғаны көңіл қуантады.
Бұл маңызды мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдау және халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы көптеген азаматтарға жаңа мүмкіндік беруде. Соның бірі 2023 жылы аталған бағдарлама арқылы тігін цехын ашуға мүмкіндік алған – Шұбар ауыл округінің тұрғыны Серік Манапұлы.
Қай дәуірде болмасын, адамзат өркениетінің дамуына тігін ісі айрықша үлес қосып келеді. Киім – халықтың тарихы мен мәдениетін, ұлттық болмысын айқындайтын құнды дүние. Бүгінгі таңда тігін саласы – сұранысы жоғары әрі болашағы зор еңбек бағыттарының бірі.Тігінші – еңбекқорлықты, ұқыптылықты және шығармашылықты талап ететін мамандық. Бұл салада жұмыс істейтін әрбір жан материал таңдауынан бастап, үлгі сызу, пішу, тігу, әрлеу сынды күрделі үдерістерді меңгеруі қажет. Әрбір бұйымға жанын салып еңбек еткен тігіншінің қолынан шыққан киім ол – шебердің өнері мен талғамының көрінісі.
Бүгінде тігін өндірісі тек қолөнер шеберханаларымен шектелмейді. Жаңа технологиялар мен заманауи жабдықтар арқылы сән индустриясы, ұлттық киім өндірісі, тұрмыстық және өндірістік киімдер тігу кең өріс алуда. Қазақстанда да бұл салаға ерекше мән беріліп, тігін фабрикалары мен жеке дизайнерлік студиялар ашылуда. Жұмысшы мамандығын игергендерге еңбек нарығында әрдайым сұраныс бар.
Тігіншінің қолынан шыққан әрбір бұйым қоғамға қызмет етеді. Жұмысшы мамандығы арқылы халық күнделікті киім-кешекпен қамтамасыз етіледі, ұлттық киімдеріміз қайта жаңғырып, сән сахнасына жол тартады. Сондықтан тігін саласында еңбек ету – тек кәсіби міндет емес, сонымен бірге ұлттық мәдениетті сақтап, келер ұрпаққа жеткізудің амалы.
Тігін саласы – еңбектің де, өнердің де өрісі. Жұмысшы тігінші мамандығын меңгерген жан қоғамға пайдалы, сұранысқа ие, тұрақты кәсіп иесі атанады. Бұл салаға бет бұрған жастардың болашағы әрқашан жарқын болмақ. Ауданымызда мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланған көптеген ауыл азаматтары өз кәсібін ашып, тұрмыстарын жақсартып келеді.
Солардың бірі, Серік Манапұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5% мөлшерлемемен 4 400 000 теңге жеңілдетілген несие алып, өз үйінде шағын тігін цехын ашқан. Кәсіпкер қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына қажетті түрлі тұрмыстық тапсырыспен тігін өнімдерін дайындауда. Жобаның іске асуы отбасылық табысты арттырып, ауыл ішінде шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосуда.
– Бүгінгі кезге дейін елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы кенжелеп қалды деген пікір қалыптасып келген болатын. Әйтсе де, қазіргі күні өндірістің бұл түрі еңсесін тіктей бастағанын көреміз. Кәне, ой таразысына салып көрейікші?! Айталық жеңіл өнеркәсіптің ең басты көрсеткіші – киім-кешек тігу ісін жолға қою үшін үлкен фабрика ашу міндеті бола қояр ма екен?! Әрине, тіпті де мұндай қажеттілік жоқ. Керісінше, бұл бағыт шағын жеке кәсіпкерлікті дамытуға өте ыңғайлы екені байқалады. Бір сүйсінерлік жағдай, өзім қалаған кәсіп көзі осы болды, — өндіріс иесі.
Киім-кешек тігуді мақсат еткен жергілікті жеке кәсіп иелері де осы бағдарлама шеңберіндегі қолдау-көмектің игілігін көре бастады.
Серік Манапұлы алдағы уақытта цехты кеңейтіп, қосымша тігін машиналарын алып, кәсіп ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отыр.Ауыл тұрғындары үшін мұндай бастамалар шабыт беріп, кәсіп ашуға деген сенімін арттыра түсетіні айқын. Ашығын айтқанда, тігін тігу үшін адамға ептілік, шеберлік, шыдам керек. Нағыз маманның қолынан шыққан дүние ғана үйлесімін тауып, әдемі көрінеді.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Кез келген істе тұрақтылық пен жұмысқа деген сүйіспеншілік аса маңызды. Ал сүйікті ісі арқылы табыс таба алса, ол – жұмыстың төресі. Жұмысыңды шынайы беріліп сүйсең ғана берекелі табыс болатыны белгілі. Қолыңнан келетін іс кәдеңе жараса тіпті керемет емес пе? Ия, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін мемлекет қолға алған бағдарламалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы ауылдықтар үшін кәдеге асуда. Өйткені, жоба – халықтың табысын арттыру, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Аталған бағдарлама жеке кәсіп ашуға немесе бұрыннан бар кәсіпті дамытуға мүмкіндік бергенінің нәтижесі Ордабасы ауданында ауқымды істердің айқындалуына ұйытқы болғанынан айшықты ақпараттар легі жетерлік.

