Астанада өткен форумға Кентау қаласының төрт ауыл әкімі қатысып қайтты. Айта кетсек, қала басшысының кентті жандандыруға жасап жатқан жұмыстары мен тапсырмалары кезең-кезеңімен орындалуда. Кентау қаласы әкімі Жандос Тасовтың тікелей қадағалауымен, тарихта тұңғыш рет ауыл әкімдерінің бас қосқан форумына Кентау қаласынан төрт әкімнің жолдама алуы да, қаланың экономикалық көрсеткіші мен әлеуметтің әлеуетін арттырудағы игілікті істерінің нәтижесі екені рас.
Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы» республикалық форумы өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген ауыл әкімдері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар мүшелері қатысты. Форумда ауылдық аумақтарды дамыту, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және мемлекеттік басқаруды нығайту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін нақтылау және күшейту қажеттігін атап өтті. Президенттің айтуынша, жергілікті биліктің дербестігін арттыру — ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.
— «Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек. Бірақ оны халыққа нақты пайдасын тигізетіндей етіп жүзеге асыру қажет. Соңғы жылдары жергілікті билік кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып келеді. Бұл — менің нақты ұстанымым. Өйткені ауыл әкімдері елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешумен айналысады», — деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Мәжілісте қаралып жатқан «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулердің маңыздылығына тоқталып, атқарушы органдардың құзыретін жүйелеу қажеттігін атап өтті.
Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірге бір ай ішінде әкімдердің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын немесе жетіспейтін өкілеттіктерді анықтау мақсатында кешенді талдау жүргізу тапсырылды.
Аталған форумға Кентау қаласынан төрт ауыл әкімі қатысты. Делегацияға Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Бауыржан Әбенұлы жетекшілік етті. Форум барысында кентаулық ауыл әкімдері ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару құралдарын тиімді пайдалану мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форумға қатысушылар Мемлекет басшысының ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейтуге қатысты бастамаларын толық қолдайтындарын білдірді. Бұл қадам ауылдық аймақтардың дамуына тың серпін беріп, жергілікті басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Енді ауылдардың маңында орналасқан кәсіпорындардан түсетін салықтың бір бөлігі сол елдімекендердің қазынасында қалады. Сондай-ақ бірқатар өңірге экологиялық айыппұлдар толық төлене бастайды. Президент ауылдардың бюджетін ұлғайтуға тапсырма берді. Бүгін Астанада тұңғыш рет ауыл әкімдерінің форумы өтіп, шалғайдағы ағайынның мәселелері республикалық деңгейде талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет 2500 ауыл әкімі бас қалада бас қосты. Жиынға келгендердің арасында ең жасы 30-ға да жетпеген жас әкімдерден тартып, 30 жыл ел басқарған тәжірибелі басшыларға дейін бар. Соңғы 5 жылда халық 3 мыңға жуық ауыл әкімін тікелей сайлаған. Бұл реформа өзінің оң нәтижесін беріп жатыр, — дейді депутаттар. Елдімекендердегі әулеуметтік мәселелер оңтайлы шешіліп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Дегенмен атқаратын шаруа көп, түйіні тарамаған түйткілдер де аз емес. Ал бүгінгі форум сол мәселелерді республикалық деңгейде талқылауға мүмкіндік берді.
Президент те форумға жиналған ауыл әкімдерін еркін пікір айтып, ұсыныстарын ортаға салуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Біз ай сайын осы форматта, осы құрамда жиналып отырмаймыз. Бүгін өзекті, өте маңызды мәселелер айтылып жатыр. Әкімдерге міндетті түрде сөз беруіміз керек.
Мемлекет басшысы ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілгенін және жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылғанын жеткізді. Енді ауыл маңында шоғырланған кәсіпорынан түсетін салықтың бір бөлігі елдімекендер қазынасында қалады, — деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді. Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Мұны заңмен бекіту керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет.
Ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 8,3 триллион теңгеге жетті. 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Оған қоса ауылдарды цифрландыруға бас мән берілмек. Президент Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. «Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі»,- деді. Еске саламыз Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейінгі алғашқы жарлығы да осы ауылды дамытуға арналған еді.

