Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында, халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі деген еді.
– «Әрине, біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс.»,-деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көлік жүргізудің мәдениет пен жауапкершілікті қатаң талап ететінін атап айтты. Бұл – бүгінгі жағдайға берілген өте орынды баға. Расында да қазір адам өмірі дерттен бұрын жол апатынан жиі үзіліп жатыр. Талай отбасының жүрегін қан жылатып, орны толмас қайғы-қасіретке душар етіп отырған осы өзекті мәселенің мемлекет басшысының Жолдауында көтерілуі де өте орынды. Президент Жолдауларында айтылған мәселелер, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың жіті назарында. Қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жергілікті полициямен жасалатын күнделікті рейдтік шаралар күн тәртібінен түскен емес.
Түркістан облысы прокуратурасы Кентау қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың санын төмендету мақсатында арнайы құрылған жұмысшы топтың кезекті отырысын өткізді.
Жиынға Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі Ербол Тұрсынбаев, Кентау қаласы әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков, қала прокурорының орынбасары Бекжан Балқыбеков, қала прокуратурасының прокуроры Бақберген Әбілқасымов, Түркістан облыстық статистика департаментінің аға прокуроры Мұхан Бабашов, қалалық полиция бөлімі басшысының қызмет жөніндегі орынбасары Марат Қадырқұлов, сондай-ақ қаладағы мекемелер мен бөлімдердің басшылары қатысты.
Отырыс барысында жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуына әсер ететін негізгі факторлар, олардың салдары және алдын алу бағытындағы кешенді шаралар кеңінен талқыланды. Ербол Тұрсынбаев өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша прокуратура тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қала деңгейінде жүзеге асуы тиіс міндеттерді атап өтті.
Қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары Марат Мәдилханұлы баяндама жасап, қала аумағындағы жол-көлік оқиғаларының қазіргі статистикасын, жиі қайталанатын себептерін және алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан шаралар туралы мәлімет ұсынды. Талқылау қорытындысында қала көшелеріндегі жол инфрақұрылымын жетілдіру, қауіпті учаскелерге қосымша жол белгілерін орнату, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыру, бейнебақылау жүйелерін нығайту, сондай-ақ тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша нақты ұсыныстар берілді. Жұмысшы топ жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы межеленген шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын бақылауда ұстайтын болады.
Әрине, жол тәртібін сақтау – тек қауіпсіздіктің кепілі емес, әр адамның жеке жауапкершілігінің көрсеткіші. Тұрғындар жол, көше мәдениетіне көшпейінше проблема шешімін таппайды. Мәселенің шешіміне қол жеткізу мемлекет деңгейінде үлкен іс-шара жүргізуді талап етеді.
Жалпы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – кең ауқымды, әрі техникалық сипаттағы қызмет. Ал, оны ұйымдастыру күрделі, арнайы білім мен тәжірибені талап етеді. Бұл саланың жауапты қызметкерлері «Жол қозғалысы туралы» Заң, жол ережесі, кез келген көлік құралының техникалық құрылысы мен оларды жүргізу тәжірибесін, жол коммуникациясының мемлекеттік стандарттарын, басқа да көптеген техникаға қатысты заңдылықтарды білетін, арнайы дайындықтан өткен, жоғары техникалық білімді мамандар болуы керек. Мұндай жауапты істі салалық білімі жоқ адамға тапсыру адам өмірін қауіпке тігумен тең. Президенттің жасанды интелект бағытын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырғанда, бүгінгідей полиция қызметінің жол қауіпсіздігі саласының жұмысын әлсіретіп, бірнеше салаға бөліп, қосымша міндет жүктей бермей, керісінше саланы күшейтіп арнаулы мамандандырылған техникалық құрылымға шоғырландырған дұрыс. Бөлшектеу тиімділікке емес, жауапкершіліктің шашырауына апарып соқтырады.
Өткен кезеңнің ерекшелігі сол, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алуға бүкіл халық болып атсалысқан дұрыс. Адамзаттың қозғалысына ауадай қажетті автожолдарда тәртіп орнаса, қоғамда тыныштық та орнайды. Әр жанұя мүшелерінің қауіпсіздігіне кепілдік те беріледі. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – уақыт күттірмейтін шара. Жол көліктік оқиғасы — жол қозғалысы ережелері бұзылған немесе сақталмаған жағдайда қалыптасқан жеке адамдар денсаулығына зиян келтірген немесе материалдық тұрғыдан және жол жүру үрдісін бұзған оқиға.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Жол қозғалыс оқиғасы өздігінен туындамайды. Ол қозғалыс ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады.
Оқиғалардың басым бөлігі негізінен жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын сақтамаудың, олардың заңға мойынсынушылық мінез-құлықтарының қалыптаспауының, зейінсіз болуының, ішімдік ішіп жолға шығу және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі, ауа райының қолайсыздығы кезінде жол жабындысының дұрыс болмауының және автомобиль жолдарына малдың шығып кетуінің салдарынан орын алған.
Қазіргі таңда жол көлік оқиғаларының жиілеуі қайғылы жағдайларға әкеліп соғуда. Барлық автокөлік жүргізушілерді жолда мұқият болып, жылдамдықты асырмай, жол ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.

