Шымкент қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында 2-2024 шақырылым сарбаздарын запасқа шығаруға арналған салтанатты рәсім өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ден астам сарбаз әскери борышын абыроймен өтеп, үйлеріне аттануда.
Салтанатты шараның ерекше сәттерінің бірі — білім беру сертификаттарын табыстау болды. Жауынгерлік даярлықтағы үздік көрсеткіштері мен үлгілі әскери тәртібі үшін мерзімді қызметтегі 16 сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқуға гранттарға ие болды. Бұл сертификаттар екі жыл ішінде жарамды және жоғары оқу орнына ақысыз түсуге жол ашады.
— Әрбір сарбазымыздың қызметін мақтан етеміз. Білім гранттары — бұл қолдау ғана емес, олардың болашағына қосқан үлесіміз. Бұл — әлеуетін ашуға, қоғам дамуына үлес қосуға берілген мүмкіндік, — деді штаб бастығы – әскери бөлім командирінің бірінші орынбасары полковник Нұрлыбек Елеусізов өз сөзінде.
Грант иегерлерінің бірі, қатардағы Абзал Әлібек:
— Жоғары білім алуды армандадым, бірақ әскери қызмет сол арманға алғашқы қадам жасауға көмектеседі деп ойламадым. Бұл — үлкен қолдау. Осындай мүмкіндік үшін басшылыққа алғысымды білдіремін, — деп бөлісті ол.
Шара жылы, ерекше көңіл күйде өтті. Сарбаздарды құттықтау үшін Ұлттық ұлан ардагерлері мен өзара іс-қимыл жасайтын құрылымдардың өкілдері келіп, ізгі тілектерін білдірді. Олардың ақжолтай сөздері жас ұрпақ пен ардагерлер арасындағы сабақтастықтың көрінісі болды.
Салтанатты рәсім әскери бөлім бөлімшелерінің запасқа кетіп бара жатқан сарбаздар алдынан саптық шеруімен аяқталды.

