Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында өңірлерде азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма жүктеп, ауыл тұрғындарының жағдайын реттеумен қатар, олар тұратын аймақтың гүлденуіне басымдық берілгені тағы бар. Сондай-ақ, ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің институционалдық жағынан қамтамасыз етілуін дамыту жіне тиімділігін арттыру және ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама жасалған болатын. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшіліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кіріскеннен кейін, жоғарыда айтылған Тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғаны есімізде.
Әрине, бұл тұжырымдамадағы егізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы көзделген болатын.
Осы ретте, Бәйдібек ауданында даму жолында ілкімді істерімен көзге түскен елді мекендер аз емес. Солардың бірі – Шақпақ ауылы атауымен танымал Алғабас ауылдық округі. Бұл өңірдің тарихы терең, халық ғасырлар бойы мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысып, өздерінің бай мәдени дәстүрлерін сақтап келген. Бүгінде Алғабас ауылдық округі белсенді дамып келеді. Ауыл әкімі Бағдат Арғынбайұлы Нақыпбаев – іскер әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жетекші. Ол ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше көңіл бөліп, бюджет ресурстарын тиімді пайдалана отырып, тұрғындарға қажетті нысандарды салуға ерекше мән беріп отыр. Қазіргі таңда округте 758 отбасы тұрады. Алғабасқа қарасты төрт елді мекен бар: Шақпақ, Қазата, Үсіктас және Таңатар Елді мекендер 100% ауыз сумен қамтылған, әлеуметтік жағдай жылдан жылға жақсарып келеді.
Округтегі жаңалықтардың айқын мысалы – Қазата ауылында биыл жергілікті бюджеттен 25 миллион теңгеге ашық спорт алаңы мен балалар ойын алаңшасы салынды. Ауыл тұрғындары бұл жаңалыққа қуанып отыр. Жоба аудан әкімшілігі мен ауыл әкімдігінің үйлестіруімен жүзеге асқан және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға зор септігін тигізуде.
Мердігер мекеме «М Строй» спорт алаңшасын сапалы түрде салған. Алаң бетіне арнайы бетон төселіп, газон шеттері бекітілген. Ол ауылдың қатты желі мен ауа райына төзімді етіп жасалған. Жұмыс барысы мердігер мекеменің басшысы Бақдаулет Мұратбектің жіті бақылауында жүргізілген. Шақпақ ауылындағы жаңа спорт мектебі ауылдың айрықша көркін ашты. Мұнда балалар ұлттық спорт түрлерін дамытып, әсіресе асық ату ойынында жоғары жетістіктерге жетіп, жүлделі орындарды иеленуде. Заманауи спорт ғимараты балалар үшін барлық жағдаймен қамтамасыз етілген: волейбол, теннис залдары, жаттығу бөлмелері бар, сонымен қатар медициналық кабинетте балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінген.
Сонымен қатар, округте алдағы уақытта Шақпақ ауылында жел энергиясына негізделген станция салу жоспарлануда екен. Жалпы, Алғабас ауылдық округінде ауыл шаруашылығы мен егін шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Инфрақұрылымдық мәселелер шешіліп, ауыл көркейіп, әлеуметтік өмірі жақсаруда. Бұл – аудан басшыларының қолдауымен, іскер және жүйелі жұмыс жасай білетін ауыл әкімі Бағдат Нақыпбаевтың еңбегінің айқын көрінісі десек артық айтқандығымыз емес.

