Отырар ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстардың нақты көрінісі.
25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Қарақоңыр ауылы округіндегі Сырдария елді мекенінде ауыз су жүйесі салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Таза ауыз су» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларының аясында жүзеге асты.
Қайтарылған қаражат – халық игілігіне
Аталған нысанның құрылысының ерекшелігі сол – ол мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Бұл – заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қайтарылған қаражатты тікелей халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі болып табылады.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, тұрғындарды көптен күткен ауыз су жүйесінің іске қосылуымен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгін бәріміз үшін қуанышты, тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Сырдария елді мекенінде ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Бұл — ауыл халқының көптен күткен қуанышы, өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ауыз су — тіршіліктің көзі, денсаулықтың негізі. Осы жобаның жүзеге асуы ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне де үлкен серпін береді деп сенеміз», – деді.
Сумен қамту көрсеткіші өсті
Жаңа су жүйесінің іске қосылуы Отырар ауданының орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткішін айтарлықтай жақсартты.
- Отырар ауданындағы 38 елді мекеннің 36-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.
- Бүгінгі таңда Сырдария елді мекенінің ауыз су жүйесінің құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне берілді.
- Қалған Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Орталықтандырылған жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізері анық.

