Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен кезекті лездемелік жиын – Мемлекет басшысының және Үкіметтің еңбек және әлеуметтік саясаттағы басымдықтарын, әсіресе «Әлеуметтік әділеттілік» қағидатын іске асырудың нақты көрсеткіші болды. Жиында қаралған екі өзекті мәселе – мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және еңбек нарығын дамыту – Кентаудың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі негізгі бағыттар қамтылды.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғалымжан Андосовтың есебі – мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және әрбір азаматтың еңбек ету құқығын қорғау жөніндегі талаптардың орындалып жатқанының дәлелдемесі іспеттес. Қалада тіркелген 7450 мүмкіндігі шектеулі азаматтың ішінен 220 адамның жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жіберілуі – бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың айқындалғанын көрсетеді.
Кірісті арттыру бағдарламасының нәтижесінде, 58 адамның тұрақты жұмыс орындарына орналасуы, 27 адамның мемлекеттік грантқа ие болуы және 64 адамның «Бастау Бизнес» жобасы арқылы өз кәсібін ашуы – «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасының» нақты іске асырылуы. 13 азаматтың жаңа бизнес-идеяларының грант арқылы қаржыландырылуы – олардың тек жұмыспен қамтылуын ғана емес, кәсіпкерлікке баулу және тұрақты кіріс көзін құруды қамтамасыз етеді. Бұл мәліметтер – әлеуметтік қолдау шараларының тек жәрдемақы берумен шектелмейтінін, керісінше, азаматтардың өз әлеуетін іске асыруға бағытталғанын түсіндіру үшін нақты мысалдар болып табылады.
Қалалық мансап орталығының басшы міндетін атқарушы Жақсылық Қайдауовтың «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясындағы жұмыстар туралы баяндамасы – Үкіметтің еңбек саласындағы саясатты дамыту жөніндегі міндетін Кентау деңгейінде іске асыруды көрсетеді. Халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесінің бақылауда болуы – Кентаудың индустриялық әлеуетін арттыруға және жұмысшы мамандықтарға деген сұранысты қанағаттандыруға бағытталған. Бұл – «Жұмысшы мамандықтар жылының» негізгі мақсаты. Қаладағы Политехникалық колледж сияқты оқу орындарында даярланатын кәсіптік кадрлардың жұмыспен қамтылуы – тұжырымдаманың табысты іске асуының кепілі.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша жұмыстардың ұдайы бақылауда болуы – халықтың әл-ауқатын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту басым бағыттарының Кентаудағы тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Жиынның қорытындысындағы әкімнің әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстау туралы тапсырмасы – Мемлекет басшысының әлеуметтік сезімталдықты күшейту және мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін арттыру жөніндегі талабын көрсетеді. Кентаудағы тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру – бұл қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының негізгі факторы. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтардың экономикалық процестерге белсенді қатысуы – қоғамдық келісімді нығайтып, бірлік пен татулық қағидаттарын іске асырудың жарқын мысалы болып табылады.
Сөз соңын сараптай келе айтпағымыз, Кентау қаласы әкімдігінде өткен бұл аппараттық жиын – Үкіметтің еңбек және әлеуметтік саясаттағы басым бағыттарын, соның ішінде кірісті арттыру бағдарламасын және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауды – жергілікті деңгейде тиімді іске асыруға бағытталған жүйелі және жауапты жұмыстың көрінісі.

