Әйел затының нәзіктігі мен аналық мейірімі темірдей тәртіп пен қатаң кәсібилікті талап ететін құқық қорғау саласымен ұштасқанда, ерекше тұлға қалыптасады. Шымкент қаласы полиция департаментінің Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айнұр Бағдатқызы – осындай сегіз қырлы, бір сырлы нәзік жандылардың қатарынан. Оның өмір жолы мен қызметке деген адалдығы – кейінгі жастарға үлгі десекте болады.
Айнұр Бағдатқызы ішкі істер саласында 25 жылға жуық уақыт бойы адал еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Ол алғашқы еңбек жолын Әкімшілік полиция басқармасынан бастап, кейіннен көп жылдар бойы Шымкент қаласы полиция департаментінің Штаб басқармасында маңызды қызметтер атқарған. Бүгінгі таңда ол департаменттің құжаттамалық қамтамасыз ету сияқты маңызды бөліміне басшылық етеді. Басшылық қызметтегі кәсібилігі мен талапшылдығы Айнұр Бағдатқызының тек кәсіби міндетін ғана емес, сонымен бірге отбасы тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қатар алып жүру қабілетін көрсетеді. Айнұр Бағдатқызының полиция қызметіне келуі – өзінің бастапқы арманы емес, керісінше, анасының тілегі екен. Бала кезінде хирург болуды армандаған ол, анасының «Офицер бол, құқық қорғау органдарында Отаныңның игілігі үшін қызмет ет» деген арманын орындаған.
-«Менің погон кигенімді анам қалады. Анамның арманы мені полиция қызметкері ету. Темірдей тәртіпті талап ететін салада қызмет етіп жүргенімді мақтан етемін» дейді полиция подполковнигі. Ол өз жұмыс бабындағы абыройын отбасының тілеуімен байланыстырады. Қауырт жұмысына байланысты (бір ұл, бір қызы бар, екеуі бір сыныпта оқиды), балаларының тәрбиесімен анасының айналысатынын айтады. Бұл факті оның отбасылық құндылықтарға деген ерекше құрметін көрсетеді.
Айнұр Бағдатқызы қызметке толықтай берілген жан болғанымен, кітап оқуды және әдемі гүлдерді өсіргенді жақсы көретін нәзік жандылығын да ұмытпайды. Оның қызметі – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан адал полиция қызметкерінің айқын бейнесі.

