Қазақстан полициясының қатарында өз ісіне адалдығымен және кәсіби біліктілігімен көзге түсіп жүрген нәзік жанды қызметкерлер аз емес. Солардың бірі – Шымкент қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция капитаны Жаңыл Қаныбекқызы Спанова. Оның таңдаған мамандығындағы адал еңбегі, әсіресе қоғамның ең нәзік мәселесі – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі белсенділігі айрықша құрметке лайық.
Жаңыл Қаныбекқызы ішкі істер органдарындағы қызметін 2019 жылдың шілде айынан бастаған. Осы қысқа мерзім ішінде ол өзін жауапкершілігі жоғары, іскерлік қабілеті жоғары және талапшыл басшы ретінде көрсете білді. Оның басшылық ететін бөлімі қоғамдағы ең ауыр әрі жасырын мәселелердің бірімен күресуде маңызды рөл атқарады. Бұл қызмет адамнан тек кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар үлкен шыдамдылық пен психологиялық тұрақтылықты талап етеді.
Капитан Спанованың мінезі ашық, ұжымда үлкен сый-құрметке ие. Оның жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби даярлығы – бөлім жұмысының тиімділігін арттыруға негіз болып отыр. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін құқық қорғау органында әйел адамның еңбек етуі, әсіресе басшылық қызметті атқаруы – батырлыққа тең. Жаңыл Қаныбекқызы өзінің кәсіби таңдауына деген сүйіспеншілігін жасырмайды: «Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды. Мен полиция болғанымды мақтан етемін. Полиция – қашанда елдің қорғаны. Сондықтан өз ісімді мінсіз атқару менің парызым»,-дейді.
Ол алға қойған мақсаты мен қолға алған ісін соңына дейін жеткізіп, абыройлы қызмет етіп жүргенін дәлелдейді. Полиция капитаны: «Әрине, қыз баласына оңай емес, бірақ жұмысымыз қызықты әрі қоғамға пайдаң тиіп, ел игілігі үшін қызмет етіп жүргеніңді сезінгенде жігерленіп қаламын»,-деген пікірде. Ендеше, полиция капитаны Жаңыл Спанованың қызметі – барлық әріптестері үшін, әсіресе жас қызметкерлер үшін, Отанға деген адалдықтың, кәсіби жауапкершіліктің және әлеуметтік маңызы бар іске деген құштарлықтың жарқын үлгісі болып табылатыны сөзсіз.

