Шымкент қаласының полиция департаменті есірткі бизнесінің өңіраралық байланыстарын үзу және қала тұрғындарын синтетикалық улардан қорғау бағытындағы жедел шараларды үздіксіз жалғастыруда. Жүргізілген кешенді іс-шаралардың нәтижесінде, қалаға есірткі жеткізудің ірі арнасының жолы кесіліп, қылмыскерлер заңды жауапкершілікке тартылды.
Анығын айтқанда, 15 қазан күні жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Шымкентке еліміздің басқа өңірлерінен есірткі жеткізумен айналысқан арнаның жойылғаны белгілі болды. Бұл қылмысқа қатысы бар деп танылған күдікті азаматша – Алматы облысының тұрғыны анықталып, ол жедел түрде ұсталды. Күдіктінің Алматы облысы және Алматы қаласында жалға алған үйінен және арнайы жасырылған орындарынан жүргізілген тексеру жұмыстары кезінде, жалпы салмағы 200 грамға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Тергеу барысында әйелдің бұрын да Шымкентке бірнеше рет есірткі өткізу мақсатында арнайы жалға алынған автокөлікпен келіп жүргені анықталды. Бұл дерек қылмыстың алдын ала жоспарланғанын және жүйелі түрде жүргізілгенін көрсетеді.
Нашақорлыққа қарсы күресті күшейту бағытында өңіраралық арнаны жоюмен қатар, полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындар арасында есірткі өсімдіктерін өсіру фактілерінің орын алмауын жіті бақылауға алуда. Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылдың 22-ші қазан күні құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз егіп-өсірген жергілікті тұрғын құрықталды. Тергеу дерегіне сүйенсек, ол өз үйінің ауласында жалпы салмағы 2,5 келіден асатын 4 түп «сораны» баптап өсірген. Қылмыстық істің дәлелі ретінде есірткі өсімдіктері тәркіленді. Қазіргі таңда жоғарыдағы аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, жедел тергеу әрекеттері жүргізілуде. Ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Шымкент қалалық полиция департаменті азаматтарды есірткіге қатысты кез келген заңсыз әрекеттің Қылмыстық кодекстің баптары бойынша ауыр жауапкершілікке әкеп соғатынын қатаң ескертеді. Полицияның бұл жедел және тиімді жұмыстары қаламыздың тазалығы мен тұрғындардың саулығы үшін маңызды қадам болып саналады.

