Бүгінгі таңда, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және азаматтарды радикалды идеялардан қорғауда діни экстремизмнің алдын алу маңызды орын алатыны шындық. Бұл жұмыс, әсіресе, діни идеологиялардың ықпалына бейім болуы мүмкін сотталғандар арасында жүргізілуі тиіс. Осы бағытта Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі (әрі қарай ҚАЖ) департаментінің №69 мекемесінде тәрбиелік мәні орасан маңызды бірлескен іс-шара өткізілді.
Аталған, іс-шараға полиция департаментінің экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің білікті өкілдері, сондай-ақ ҚАЖ мекемесінің теологиялық бағыттағы қызметкерлері қатысты. Мұндай ведомствоаралық әріптестік — діни экстремизмге қарсы тұрудағы жұмыстың кешенділігі мен тереңдігін арттырады. Өткізілген шараның негізгі мақсаты айқын болуы үшін, сотталғандар арасында діни экстремизмнің алдын алу және оның қауіптілігін түсінду мен олардың рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайту және оң жолға бағыттау жолы қамтылды. Кездесу барысында қатысқан мамандар діннің негіздерін дұрыс түсінудің маңыздылығын кеңінен түсіндірді. Олар діни мәтіндерді бұрмалап, радикализмге жетелейтін бұзылған түсіндірмелерге жол берудің қаншалықты қатерлі екені жөнінде айшықты да маңызды ақпараттармен бөлісіп, мысалдар келтірді.
Сарапшылардың пікірінше, діннің шынайы мәні – бейбітшілікке, мейірімділікке және қоғамға пайдалы болуға шақырады. Ал экстремистік идеологиялар – діни сезімді пайдаланып, адамдарды қатігездікке және заңға қарсы әрекеттерге итермелейді. Сотталғандардың діни сауатын арттыру және оларды деструктивті ағымдардан қорғау — ҚАЖ қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі. Осындай іс-шараларды жиі өткізу арқылы мекеме қызметкерлері сотталғандарды қоғамға бейімделуге, өткен істеріне өкініш білдіріп, дұрыс өмір жолын таңдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз дейді.
ҚАЖ қызметкерлері мен Полиция департаментінің бірлескен жұмысының арқасында, №69 мекеме сотталғандарды түзеуге және оларды діни экстремизмнің қақпанынан арашалауға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етіп отыр. Әрине, мұндай жұмыстар қоғамның қауіпсіздігін нығайтуға және діни араздықтың алдын алуға тікелей үлес қосары анық.

