Қазақстан Республикасының тұрақтылығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде есірткі қылмысына қарсы күрес әрдайым басты назарда. Шымкент қалалық полиция департаменті осы бағыттағы «Заң мен Тәртіп» идеологиясын іс жүзінде дәлелдеп, маусым айының басынан қазан айының соңына дейін өткізілген республикалық «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ауқымды жетістіктерге жетті.
Анығын айтқанда, бес айға созылған жедел шара барысында полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 254 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтап, олардың жолын кесті. Бұл қылмыстардың қатарында есірткі заттарын сату, заңсыз өсіру, аса ірі көлемде сақтау және интернет арқылы жарнамалау сияқты қауіпті әрекеттер бар. Қабылданған пәрменді шаралардың арқасында, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 316 келіге жуық есірткі заты тәркіленді.
Тәркіленген есірткінің ішінде ерекше алаңдаушылық тудыратын – 20 келіден астам синтетикалық есірткі бар. Бұл шамамен 40 мың бір реттік дозаны құрайды, яғни полиция қызметкерлері осы дозалардың жастар арасына таралуына тосқауыл қойды. Сонымен қатар, синтетикалық есірткіні байланыссыз жолмен «закладка» таратумен айналысқан 27 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Одан жалпы салмағы 500 грамнан асатын 180 есірткі орамасы тәркіленді. Есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру деректерін анықтау мақсатында арнайы жедел топтар құрылып, жұмылдырылды. Полиция заманауи технологияларды қолданып, пилотсыз ұшу аппараттарын, яғни дронды пайдаланды. Нәтижесінде, қала шетіндегі егістік алқаптан 127 келі салмақты құрайтын 52 түп сора және марихуана тәркіленді. Есірткі өсімдіктерін көкөністер арасына жасырып еккен күдіктілердің әрекеті дер кезінде әшкереленді. Барлық анықталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Шымкент қалалық полиция департаментінің бұл ауқымды және табысты жұмысы өңірде «Заң мен Тәртіп» идеологиясын нығайтып, есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесуде үлкен рөл атқарады. Полицияның жоғары кәсібилігі мен жаңа әдістерді қолдануы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сенімді қадамы болып қала бермек.
Құрманбек САХОВ Шымкент қаласы ПД-ті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі
(аналитикалық мақала)

