ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА «ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫН ІСКЕ АСЫРУ АЯСЫНДА №65 Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ ҮШІН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САБАҒЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. ІС-ШАРАҒА ЖОҒАРЫ СЫНЫПТАРДАН ШАМАМЕН 100-ГЕ ЖУЫҚ ОҚУШЫ ҚАТЫСТЫ.
Аталған маңызды кездесу Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлерінің тікелей қатысуымен өтті. Мұндай шараларды өткізудің басты мақсаты, жасөспірімдер арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.
Полиция қызметкерлері оқушыларға арнаған дәрісінде бірнеше өзекті тақырыптарды қамтыды. Оларға жекелеп тоқталар болсақ;
- Жеке қауіпсіздік ережелері: Күнделікті өмірде, көшеде және үйден тыс жерлерде қауіпсіздікті сақтау жолдары. Бөтен адамдармен қарым-қатынас жасау кезіндегі сақтық шаралары.
- Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау: Мектептен тыс жерлерде, саябақтарда және қоғамдық көліктерде әдеп пен тәртіпті сақтаудың маңызы.
- Құқық бұзушылық үшін жауапкершілік: Жасөспірімдерге ұсақ бұзақылық, вандализм және басқа да құқық бұзушылықтар үшін заңмен қарастырылған әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлері жөнінде нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу сабағы оқушылардың белсенді қатысуымен өтті. Олар полицейлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық нормаларға қатысты білімдерін тереңдете түсті. Іс-шара соңында мектеп-гимназияның оқушылары мен мұғалімдері полиция департаментінің қызметкерлеріне осындай пайдалы әрі маңызды сабақ өткізгендері үшін алғыс білдірді. Мұндай профилактикалық жұмыстар жас ұрпақты заңға құрметпен қарауға және өз әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуге тәрбиелейді. Кеш барысында полиция қызметкерлері мектептердегі бұл іс-шараларды тұрақты негізде жалғастыратынын мәлімдеді.

