Есірткінің заңсыз айналымының алдын алу және жасөспірімдердің бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында №79 жалпы білім беру мектебінде маңызды түсіндіру жұмысы өткізілді.
Іс-шараға Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының білікті қызметкері, мектеп әкімшілігі, педагог-психологтар және жоғары сынып оқушылары қатысты. Жалпы жиынның басты мақсаты – жастардың есірткіге қатысты білімін жүйелі түрде арттыру және оларды зиянды әдеттерден саналы түрде аулақ болуға шақырумен қатар, қарсы күресу жолдарына баулу.
Кездесу барысында Полиция департаментінің қызметкері оқушыларға есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін ауыр физиологиялық және психологиялық зияны туралы ғана емес, сонымен қатар есірткіні сақтау, тасымалдау немесе таратудың Қазақстан Республикасының заңы алдындағы ауыр жауапкершілігі туралы жан-жақты мәлімет берді. Сондай-ақ, есірткі қылмысының қоғамға қауіптілігі мен жасөспірімдердің «жеңіл ақша табу» мақсатында тапсырыс берушілердің құрығына оңай түсіп қалу тәуекелдеріне ерекше назар аударылды.
«Кез келген есірткі қылмысы, тіпті оны таратуға қатысты ең аз әрекеттің өзі – бүкіл болашақты, отбасы мен карьераны күрт өзгертетін қателік. Заң бұл мәселеге ешқандай жеңілдіксіз, өте қатаң қарайды. Сендердің өмірлерің мен бостандықтарың ең қымбат құндылық екенін ұмытпаңдар,» – деді басқарма қызметкері өз сөзінде.
Нашақорлықтың алдын алу мақсатында оқушыларға бұрынғы нашақорлардың өмірінен алынған шындыққа негізделген бейнероликтер көрсетілді. Бұл бейнематериалдар жастарға есірткіге тәуелділіктің қаншалықты қайғылы аяқталатынын көзбен көруге мүмкіндік берді.
Полицейлер оқушыларға:
- Дұрыс таңдау жасау — қазіргі сәттегі азғыруға емес, болашақ мақсаттарға басымдық беру.
- Өз ортасын дұрыс таңдау — зиянды әдеттерге итермелейтін достардан аулақ болу.
Қысымға қарсы тұру — «жоқ» деп айтуды үйрену арқылы қысымға қарсы тұру жолдарын түсіндіріп, нақты кеңестер берді. Іс-шара соңында қатысушылар бірауыздан жастарды зиянды әдеттерден алшақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен және өнермен айналысуға, сондай-ақ қоғамда белсенді, адал азамат болуға шақырды. Мұндай жүйелі түсіндіру жұмыстары жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудағы және ұлттың саулығын сақтаудағы маңызды қадам болып табылады.

