Полиция қызметкерлерінің негізгі міндеті – қоғамның тыныштығын қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алайда, бұл жұмыстың ішінде ең маңыздысы – балалардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полиция мен балалардың арасындағы қалыптасқан сенім – болашақтағы қауіпсіз қоғамның берік кепілі болып табылады. Бұл сенімді қалыптастыру үшін полиция қызметкерлері күнделікті жұмысында ерекше жауапкершілікпен қызмет етеді.
Ашығын айтқанда, полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылармен күресіп қана қоймай, сонымен қатар балаларға мейіріммен қарап, олардың қиын сәттерде сенімді дос әрі қорғаушысы бола алады. Балалардың көшеде немесе мектепте полиция формасын киген адамды көргенде, бойында үрей емес, сенім мен қауіпсіздік сезімі оянуы керектігін басты назарға алуда. Бұл сезімді қалыптастыру үшін полиция қызметкерлері мектептерде, балабақшаларда, аулаларда түрлі іс-шаралар өткізіп, балалармен ашық әңгімелесуді күнделікті жұмыс тәртібіне айналдыруда. Оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, қажетті сәтте қалай әрекет ету керектігін үйретуде. Мұндай іс-шаралар балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың өз құқықтары мен қауіпсіздігі туралы түсінігін кеңейтеріне жасалынған орынды бастама болып отыр. Балалардың қуанышты жүздері мен ашық көңілі – полиция қызметкерлерінің жұмысына деген құрметі мен алғысының айқын белгісі. Бұл құрмет полицияға үлкен күш-қуат беріп, олардың өз ісіне деген адалдығын арттырады. Әрбір баланың сенімі – полиция қызметкерінің күнделікті жұмысына деген жауапкершілігін еселей түседі.
«Балалар бізге сенеді, ал біз олардың қауіпсіздігі үшін қызмет етеміз!» — бұл қағида әрбір полиция қызметкерінің жүрегінде болуы керек. Себебі, балаларға деген қамқорлық – тек бүгінгі ғана емес, ертеңгі күннің де жарқын болуына бағытталған маңызды қадам. Кез келген қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуі сол қоғамдағы балалардың қауіпсіз және бақытты өміріне тікелей байланысты. Полицияның бұл бағыттағы жұмысы – жарқын болашақ үшін салынған сенімді іргетас. Бұл сенім тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, сонымен қатар ата-аналар, мұғалімдер және жалпы қоғамның бірлескен күші арқылы нығаяды.
Бағлан Исатаева
Шымкент қаласы полиция департаментінің ресми өкілі
(аналитикалық мақала)

