Шымкент қаласының тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Еңбекші ауданы аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.
Бұл шараның негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу және полиция мен халық арасындағы сенімді нығайту. Бұл жұмыс – қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралардың маңызды бөлігі.
Кешенді жұмыстардың негізгі бағыттары болып саналатын, «Учаске» іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуға басымдық берді. Олар пәтерлер мен жеке үйлерді аралап, әрбір тұрғынмен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізді. Мұндай тақырыпта жүргізілген әңгімелердің басты мақсаты – азаматтарды киберқылмыстар, интернет-алаяқтық және басқа да заң бұзушылықтардың түрлерінен сақтандыру. Тұрғындарға күдікті жағдайлар туындаған кезде қайда хабарласу керектігі және қалай әрекет ету қажет екендігі туралы нақты кеңестер берілді. Өз кезегінде осындай іс-шаралар тұрғындардың өз учаскелік инспекторын танып, оларға сенім артуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзған тұлғалар мен бұрын қылмыс жасап, есепте тұрған тұлғалармен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрине, мұндай жұмыстың негізгі мақсаты – қылмыстың қайталануына жол бермеу. Полиция қызметкерлері олардың жағдайымен танысып, болашақта заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырады. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдағы криминогендік ахуалды тұрақтандыруға және құқықтық тәртіпті нығайтуға үлкен үлес қосады.
«Учаске» іс-шарасы аясында рұқсатсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерге қатысты заң бұзушылықтарды анықтауға ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері тек қана заңсыз қаруды анықтап қана қоймай, сонымен қатар заңды тіркелген қару иелеріне оларды қалай сақтау керектігі туралы ережелерін түсіндіріп, құзырлы органдардың бақылауында болатынын ескертті. Мұндай шаралар қарудың заңсыз айналымын азайтуға және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға септігін тигізеді деген сенімде.
Жалпы, «Учаске» іс-шарасы – тек құқық бұзушылықтармен күрес қана емес, сонымен қатар халық пен полиция арасындағы сенімді арттыруға бағытталған қадам. Полицияның бұл бастамасы – Шымкент тұрғындарының тыныш әрі қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге деген айқын ниеттің көрінісі.

