Бүгінгі таңда интернет-алаяқтық қылмыстарының саны күрт артып, қаржылық қауіпсіздік мәселесі басты назарға алынып отыр. Қаскөйлердің әдістері күн санап жетіліп, олардың арбауына түсетін азаматтардың саны да артуда. Осыған байланысты, Шымкент қаласында, әсіресе Еңбекші ауданында, полиция қызметкерлері «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тұрғындар арасында ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл шараның мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, оларды кибералаяқтардың арбауынан қорғау.
Полиция қызметкерлері қала тұрғындарына интернет-алаяқтықтың жиі кездесетін және жаңадан шыққан әдістері туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруде. Алаяқтардың негізгі тәсілдеріне тоқталар болсақ, телефон арқылы алдау: Алаяқтар банк қызметкері, полиция қызметкері немесе әлеуметтік қызмет маманы болып қоңырау шалып, сіздің банк картаңызға немесе шотыңызға қауіп төніп тұрғанын айтады. Олар мәселені шешу үшін сізден банк картаңыздың нөмірін, жарамдылық мерзімін, СVV-кодын және SMS-пен келген құпиясөзді сұрайды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі алдау: Алаяқтар танысыңыздың немесе туысыңыздың аккаунтын бұзып, сізден шұғыл ақша сұрап хат жазады. Бұл хабарламаларда көбінесе «жедел көмек қажет» деген сылтау айтылады.
Мұндай жағдайларда өзіңізді қалай қорғауға болады? Полиция бұл әрекеттердің алдын алу үшін азаматтарға мынадай маңызды ережелерді сақтауды ескертеді:
Құпия ақпаратты ешкімге бермеңіз. Банк картаңыздың нөмірін, CVV-кодын, құпиясөздерді және жеке деректеріңізді телефон немесе интернет арқылы сұраған адамдарға ешқашан айтпаңыз. Нағыз банк қызметкерлері мұндай ақпаратты ешқашан сұрамайды.
Күдікті сілтемелерге өтпеңіз. Егер танысыңыздан күдікті хабарлама немесе сілтеме келсе, оны ашпастан бұрын, оған қоңырау шалып, мән-жайды анықтаңыз.
Электронды поштаңыз бен әлеуметтік желілердегі құпия сөздерді жиі өзгертіп отырыңыз.
Шымкент қаласы Полиция Департаментінің қызметкерлері қаржылық қауіпсіздік және киберқылмысқа қарсы қорғану шаралары туралы кеңінен ақпарат беруді жалғастыруда. Себебі, бұл мәселемен күрестің ең тиімді әдісі – халықтың сауаттылығын арттыру және оларды алаяқтардың әрекеттерінен қорғау. Полиция және қоғамның бірлескен күші ғана киберқылмыстың алдын алуға көмектесетінін әрбір жан назарға алғаны дұрыс.

