Шымкент қаласының келбеті мен тұрғындарының жайлылығын арттыру мақсатында бастау алған «Таза қала» акциясы кең ауқымда жалғасын табуда. Бұл бастама тек тазалық шараларын жүргізумен ғана шектелмей, сонымен қатар азаматтардың экологиялық санасын арттырып, құқықтық тәртіпке деген жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Бұл іске Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері қала әкімдігі және коммуналдық қызметтермен бірлесіп, белсенді түрде атсалысуда.
ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАР – ТӘРТІПТІҢ КЕПІЛІ
Қазіргі заманғы технологиялардың мүмкіндіктері «Таза қала» акциясын жаңа деңгейге көтерді. Полиция қызметкерлері қаланың көшелерін, саябақтары мен аулаларын қадағалау үшін «102» Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесін белсенді қолдануда. 24/7 режимінде жұмыс істейтін бұл камералар қоғамдық орындардағы кез келген құқық бұзушылықты тіркеп, кінәлілердің әрекеттерін нақты әрі объективті түрде дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Мысалы, жүйелі мониторинг барысында бейнекамераларға қоғамдық орында шылым шегіп, темекі қалдығын жерге тастаған, немесе көлік терезесінен қоқыс лақтырған бірнеше азамат ілікті. Мұндай лас әрекеттердің бұлтартпас дәлелі ретіндегі бейнежазбалар негізінде, бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл мысалдар әрбір әрекеттің заң алдында жауапсыз қалмайтынын айқын көрсетеді.
ТАЗАЛЫҚ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Полиция тазалық пен тәртіпті сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес екенін еске салады. Бұл — әрбір азаматтың абыройлы борышы. Қазіргі таңда қаламыздың тазалығы үшін күн сайын еңбек етіп жүрген коммуналдық қызметкерлердің еңбегін бағалай отырып, олардың жұмысын жеңілдету әрқайсымыздың қолымызда.
«Таза қала – болашаққа салынған инвестиция. Ережелерді бұзу – бұл тек айыппұл салуға әкелетін әрекет емес, сонымен қатар өз қалаңды және ондағы тұрғындарды құрметтемеу. Біз тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға шақырамыз. Бірлесіп әрекет етсек, біздің ортақ үйіміз – Шымкент ең таза және әсем қалалардың біріне айналады», – деп атап өтті Полиция департаментінің өкілдері.
Бұл акция Шымкент тұрғындарының қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған тиімді құрал болып табылады. Таза қала – бұл тек көшенің тазалығы емес, сонымен қатар сананың, әрекеттің және қоғамдық келісімнің тазалығы.

