Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бүкіл ел азаматтарын ортақ мақсатқа жұмылдыруда. Бұл игі бастамаға Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері де атсалысып, қоғамға тазалық пен салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісін көрсетті. Аталған шара қоршаған ортаға қамқорлық танытумен қатар, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Басқарма ұжымы бірлесіп, Шымкент қаласының орталығындағы Түркістан және А.Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан «Спутник» скверінде ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді. Полиция қызметкерлері коммуналдық қызметкерлермен бірлесе отырып, сквер аумағын күл-қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін әктеді. Көше бойындағы гүлзарлар мен демалыс орындарының тазалығына ерекше мән беріліп, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті жақсартылды.
Бұл акция тек физикалық тазалықпен шектелмей, терең философиялық мәнге ие болды. Полицейлер таза қаланың болашақ ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Алайда, ең бастысы – бұл акцияның символдық мәні, яғни, жүректі, жан дүниені, ой мен сананы жаман әдеттерден тазартуға шақыру. Есірткіге қарсы күресушілер үшін бұл ұғым ерекше маңызды.
Полиция қызметкерлері есірткіні адам өмірін, оның денсаулығын, арманын және жарқын болашағын жоятын қауіпті уға теңеді. Денені, ақыл-ойды және рухты уландыратын есірткі – қоғамның ең үлкен қасіреті. Сол себепті, қоқыстан тазартылған қала секілді, адам да өз өмірін зиянды әдеттерден тазартуы қажет.
«Біз таза ортаны, таза ойды және таза өмірді таңдаймыз. Тазалық – денсаулықтың, табыстың және жарқын болашақтың бастауы. Қазақстанның әрбір азаматы есірткіден таза, саналы қоғам құруға үлес қосуы тиіс», – деп атап өтті басқарма қызметкерлері.
Бұл бастама полицияның есірткі қылмысына қарсы күрестегі міндетінің кең ауқымдылығын көрсетеді. Олар тек қылмыскерлерді ұстаумен шектелмей, қоғамда тазалық пен салауаттылықты насихаттап, алдын алу жұмыстарына да белсенді қатысуда. Бұл – тазалық пен тәртіптің екі жағын да қамтитын кешенді және жүйелі жұмыс.
ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ ЖОҚ!

