Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласының полицейлері кәмелетке толмағандар көп жиналатын орындарда – саябақтарда, көшелерде және жазғы лагерьлерде – профилактикалық шараларды тұрақты түрде жүргізуде. Бұл бастама балалардың жазғы каникулын қауіпсіз әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасауға бағытталған.
Осы ретте, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жазғы лагерьлердің бірінде балалармен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында олар балаларға қоғамдық орындардағы және жолдағы қауіпсіздік ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Полицейлер балаларға бейтаныс адамдармен сөйлесуге, күмәнді ұсыныстарға ермеуге, үлендердің қарауынсыз қалмауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға кеңес берді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар туындағанда не істеу керек екенін және кімге хабарласу керектігін үйретті.
Кездесудің ерекше сәті ретінде жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың спорттық тәсілдерін көрсетуі болды. Бұл балалардың үлкен қызығушылығын тудырып, полицейлердің жұмысына деген оң көзқарасын қалыптастыруға көмектесті. Спорттық тәсілдерді көрсету арқылы балаларға өздерін қорғау дағдыларының маңыздылығы мен тәртіптің қажеттілігі жеткізілді. «Балалардың демалыс орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң бақылауда. Полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды үздіксіз жалғастырып отырамыз. Сондықтан да, бұл жұмыстардың барлығы балалардың жазғы демалысын еш қауіпсіз, мазасызданбай және есте қаларлықтай өткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. Полиция мен қоғамның бірлескен әрекеті арқылы ғана біз жас ұрпақтың қауіпсіз ортада өсіп-дамуына жағдай жасай аламыз», — дейді басқарма басшысы Жандос Бейсенов.

