Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында студенттер үшін ашық әкімшілік сот процесі ұйымдастырылды. Бұл шара жастарды заңға құрметпен қарауға, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын терең түсінуге баулуды көздейді.
Көрнекі сот отырысы барысында студенттер әкімшілік құқық бұзушылық істерінің нақты қалай қаралатынын өз көздерімен көріп, процесс барысына толықтай куә болды. Олар сот залындағы атмосфераны, судьяның шешім қабылдау тәртібін, тараптардың дәлелдерін келтіруін және заң нормаларының қалай қолданылатынын тікелей бақылады. Бұл теориялық білімді практикамен ұштастырудың тиімді әдісі болды.
Мұндай тәжірибелік сабақтар жастарға заң бұзушылықтың салдарын терең түсінуге мүмкіндік береді. Олар әрбір әрекеттің заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін, тіпті кішігірім құқық бұзушылықтардың да айыппұл, қамауға алу немесе қоғамдық жұмыстар сияқты нақты салдарға әкелетінін ұғынады. Бұл олардың бойында заңды құрметтеуге және құқық бұзушылықтан аулақ болуға деген саналы қадамдарды қалыптастырады. Қоғамдық тәртіпті сақтау – әр азаматтың міндеті. Мұны әсіресе жастар арасында насихаттау өте маңызды. Өйткені, жас кезең – адамның жеке тұлға ретінде қалыптасатын, өмірлік құндылықтарын айқындайтын кезең. Осы кезеңде алынған құқықтық тәрбие олардың болашақ өміріне үлкен әсер етеді. Әрбір адамның жеке үлесі қоғам қауіпсіздігі мен әл-ауқаты үшін маңызды. Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, басқа азаматтардың құқықтарын құрметтеу, заңға бағыну – бұл бәріміздің ортақ міндетіміз. Осындай көрнекі сот процестері арқылы студенттер өздерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, құқықтық мемлекеттің белсенді азаматы ретінде қалыптасуға ықпал етеді.