Жаз – балалар үшін қуанышқа толы сауық-сайран кезеңі. Алайда, осы кезеңде ата-аналар ерекше мұқият болуы керек, себебі демалыс орындарында түрлі қауіптер туындауы мүмкін.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі басқармасының учаскелік полиция инспекторлары және Ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналарға арнайы ескерту жасады. Әрбір ата-ана жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерімен таныс болып, оны балаларына үнемі ескертіп отырғаны абзал.
Жаздың аптап ыстығында отбасылардың барлығы ыстық күндері балаларымен бірге су айдындарына шомылуға барады десек қателеспейміз. Алайда, судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мына ережелерді қатаң сақтау қажеттігін көптеген ата-аналар назарға ала бермейді.
Анығын айтқанда, балаңызды қараусыз қалдырмай, сіздің бақылауыңсыз суға түсуіне рұқсат бермеңіз. Тіпті үрлемелі дөңгелектер мен матрастарда болса да, олар қауіпті болуы мүмкін, өйткені оларды ағыс алып кетуі немесе тесіліп қалуы әбден мүмкін. Ендеше кішкентай баланы суға тек арнайы жүзгіш жилетпен немесе жеңдікпен жіберіңіз. Сондай-ақ, балаларға суда тығылатын немесе бір-бірін батыратын қауіпті ойындарды ойнауға тыйым салыңыз. Оның орнына, оларға қуыспақ пен тығылыспақты жағажайда, құрлықта ойнауын өтініңіз. Балаңыздың суда болған уақытын қатаң бақылаңыз, салқын тиіп қалмас үшін оның тоңып қалмауын қадағалаңыз. Күн қатты ысыса, баланың терісі күйіп кетпес үшін күннен қорғайтын құрал жағып, бас киім кигізіңіз. Мүмкіндігінше, баланы табиғатта ешқашан қараусыз қалдырмаңыз, әрқашан оның жанында болыңыз.
Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ата-аналардың басты міндеті. Полиция қызметкерлерінің бұл ескертулері тек нұсқаулық қана емес, сонымен қатар балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды шақыру болып табылады. Осы қарапайым ережелерді сақтау арқылы сіз балаңыздың жазғы демалысын қауіпсіз әрі ұмытылмас ете аласыз. Әрбір баланың бақытты әрі қауіпсіз жазды өткізуі үшін ата-аналардың белсенділігі мен жауапкершілігі өте маңызды. Балаңызға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп, олардың бойында сақтық дағдыларын қалыптастырыңыз.