Төлеби ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі 2025 жылдың 24 маусымында Нысанбек ауылындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында маңызды іс-шара өткізді. Жазғы шомылу маусымының ашылуына орай ұйымдастырылған бұл шараға Қазақстанның әр өңірінен келген 328 оқушы және орталықтың 30-дан астам қызметкері қатысты. Басты мақсат – балалардың демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алуға байланысты білімдерін арттыру мен тәжірибе жүзінде жетілдіру.
Іс-шара барысында Төлеби ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері оқушылар мен орталық қызметкерлеріне арнап, өзекті мәселелер бойынша кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Нақтырақ айтқанда, бассейнге шомылу талаптарын сақтай отырып, өз өмірлерінің қауіпсіздігіне аса назар аудару қажеттілігіне басымдық берілді. Айта кеткеніміз жөн болар, жазғы маусымда су айдындарында, әсіресе бассейндерде қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды. Төтеншеліктер тарапынан, суға кірер алдындағы дайындық, суға шомылу кезіндегі мінез-құлық ережелері, суға батқан адамға алғашқы көмек көрсету сияқты мәселелер жан-жақты түсіндірілді. Балаларға тек арнайы белгіленген, қауіпсіз жерлерде және ересектердің бақылауымен шомылу қажеттігі де қатаң ескертілді.
Өрт қауіпсіздігі ережелері мен өз өміріңнің қауіпсіздігін оқу-сауықтыру орталықтарында сақтау – өмірлік маңызы бар мәселе екендігін әрбіріміздің жадымызда сақталу керек. Төлебилік төтенше жағдайлар басқармасының мамандары өрттің шығу себептері, оның алдын алу жолдары, өрт кезіндегі дұрыс әрекет ету тәртібі және эвакуация жолдары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Электр құрылғыларын дұрыс пайдалану, тұрмыстық техниканы қараусыз қалдырмау және қауіпті заттарды балалардан алыс ұстау қажеттілігі де ескертілді.
Оқу-сауықтыру орталықтарындағы көпқабатты ғимараттарда балалардың терезеден құлау қаупін болдырмау мен балалардың терезеден құлау фактісіне жол берілмеуі кез-келген уақытта ерекше бақылауда болуы тиіс. Қызметкерлерге терезелерде арнайы бекіткіштер мен торлардың болуын қадағалау, балалардың терезеге жақын орналасқан жиһаздарға шығуына жол бермеу үшін жиһаздарды дұрыс орналастыру керектігі туралы нұсқаулар берілді.
Түсіндірме жұмыстары барысында Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері заманауи ақпараттық құралдарды тиімді қолданды. Бейнежазбалар көрсету мақсатында, ақпараттық-түсіндіру құралдары мен оның тиімділігі жайында балаларға толығырақ және нақты дәлелдер ұсынылды. Сонымен қатар, қауіпті жағдайлардың салдарын және олардан қалай сақтану керектігі туралы арнайы дайындалған бейнероликтер де көрсетілді. Әсерлі пайдаланылған көрнекі материалдар балалардың ақпараттық хабарды қабылдауын жеңілдетіп, есте сақталуын күшейтеді, әсіресе қажеттілік туындаған жағдайда кәдеге жарата білулеріне көмегі орасан.
Сондай-ақ, Төлебилік төтеншеліктер барлық қатысушыларға өрт қауіпсіздігі және су қауіпсіздігі, сондай-ақ балалар қауіпсіздігі бойынша арнайы нұсқаулық парақшаларды таратып, тіпті ондағы жазылған нұсқаулықтарға түсіндірме жұмыстарын да жасады. Бұл жаднамалардағы қажетті ақпаратты әрдайым қолжетімді етуге және есте сақтау қабілетін арттыруға көмектеседі.
Жалпы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткізілген бұл іс-шара балалардың жазғы демалысын қауіпсіз және мазмұнды өткізуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Төтенше жағдайлар бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылған мұндай түсіндірме жұмыстары балалардың өмірлік қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға, олардың төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуіне және ең бастысы, қайғылы оқиғалардың алдын алуға зор ықпал етері сөзсіз.
Департамент қызметкерлерінің кәсібилігі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында 328 оқушы мен 30-дан астам қызметкер қажетті ақпаратпен қамтамасыз етілді. Қауіпсіздік – бұл тек мамандардың ғана емес, әрбір баланың, әрбір қызметкердің және ата-ананың ортақ жауапкершілігі. Тек осылай ғана балалардың жарқын болашағын және олардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге болады. Төлебилік төтеншеліктер бұл үрдісті маусым аяқталғанша жүргізіп отырмақ.