Төлеби ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) қызметкерлерімен бірлесіп, аудан аумағындағы балабақшалар мен тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың терезеден құлауын болдырмау мақсатында кешенді түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Біле білсек, балабақшалар – балғын балапандардың уақытының көп бөлігін өткізетін орын. Сондықтан, мұндағы қауіпсіздік ережелерін сақтау ерекше маңызды. Төтеншелік қызметкерлер балабақшалардың қызметкерлеріне, тәрбиешілеріне және ата-аналарға арнап арнайы дәрістер мен тренингтер өткізді. Түсіндірме жұмыстарының негізгі бағыттары бойынша, өрт қауіпсіздігін сақтау ережелері жайында болды. Өрт кезіндегі дұрыс әрекет ету тәртібі, эвакуация жолдарының еркін болуын қадағалау, өрт сөндіру құралдарын дұрыс қолдану және олардың жарамдылығын тексеру мен балаларға арналған қарапайым ережелерді ойын түрінде жеткізу тәсілдері көрсетілді. Жасыратыны жоқ соңғы кездері балалардың терезеден құлау фактілері жиілеп барады. Осыған байланысты терезеден құлаудың алдын алу бойынша, балабақшалардағы терезелердің қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Терезеге арнайы бекіткіштер орнату, балалардың терезе маңына жақындамауын қадағалау және жиһаздарды терезеден алыс қою сияқты қарапайым, бірақ тиімді кеңестер беріліп және төтеншелік қызметкерлер барлық бөлмедегі терезелердің, жиһаздардың қауіпсіздігіне көз жеткізу үшін арнайы тексеріс жүргізді. Қуантарлығы бәрі талапқа сай жасалынғанын, төтеншеліктер сөз барысында айтып өтті.
Бүгінгі таңда тұрғын үйлердегі қауіпсіздік — әр отбасының жауапкершілігі екенін жадымызда сақтағанымыз жөн. Сондықтан да тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі және балалардың қауіпсіздігі мәселесі әрбір отбасының тікелей жауапкершілігінде. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тұрғындар арасында үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын түсіндіріп, балаларды қараусыз қалдырмаудың қажеттілігін жеткізді. Түсіндірме жұмыстарының басты назар аударған тұстарна тоқталсақ, ең алдымен электр желілері мен газ құрылғыларын дұрыс пайдалану. Қысқа тұйықталу мен газдың ағуы өрттің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Тұрмыстық техниканы дұрыс қолдану, розеткаларды шамадан тыс жүктемеу, газ плиталарын қараусыз қалдырмау туралы кеңестер берілді. Жылыту құралдарын пайдалану бойынша да, дәлірек айтқанда қыс мезгілінде пештер мен жылытқыштарды дұрыс пайдаланбау өртке әкелуі мүмкін. Оларды орнату және пайдалану ережелерін қатаң сақтау қажеттігі айтылды. Балалардың терезеден құлау қаупі, әсіресе көпқабатты үйлерде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиі орын алуда. Ата-аналарға балаларды терезе алдына жақындатпау, терезелерге арнайы торлар немесе құлыптар орнату, балалардың қараусыз қалдырмау сияқты қауіпсіздік шаралары қатаң ескертілді. Балалардың табиғи қызығушылығы оларды қауіпті әрекеттерге итермелеуі мүмкін екендігі түсіндірілді. Сонымен қатар, тұрғындар мен балабақша қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі және балалардың қауіпсіздігі ережелері жазылған, көрнекі суреттермен безендірілген жаднамалар таратылды. Бұл жаднамалар қажетті ақпаратты әрдайым қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көрнекі бейнероликтер арқылы қауіпті жағдайлардың салдарын және олардан қалай сақтану керектігін нақты көрсетті. Бейнематериалдар ақпаратты қабылдауды жеңілдетіп, есте сақталуын күшейтеді.
Төлеби ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі мен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен бұл жұмысы халықтың қауіпсіздік сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың терезеден құлауын болдырмау – бұл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың, ата-ананың және педагогтың ортақ жауапкершілігі. Тұрғындардың мұндай түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуы және берілген кеңестерді күнделікті өмірде жиі қолдануы ғана ықтимал қайғылы оқиғалардың алдын алуға кепіл болары сөзсіз. Әрбір жанұя өз үйіндегі және балабақшадағы балаларының қауіпсіздігіне баса назар аударуы тиіс.