Атың барда – жер таны, желіп жүріп» деген қанатты сөз қалай тауып айтылған дейсің ғой, шіркін. Оның үстіне қазіргі кезде дөңгеленген дүниені шыр айналып шығу үшін арып-аршып шаршаудың қажеті жоқ. Жерде – көлік, көкте – ұшақ, суда – кеме, жер астында – метро.
Алайда, жол-көлік апаттары көбеймесе, азаяр емес. Әрине, сарапшылар жол бойында кездесетін және жол жүрісі кезіндегі орын алатын небір кемшіліктер мен түрлі келеңсіздікті жою мүмкін емес дейді. Өйткені, жолдағы келеңсіздіктер салдарынан талай жан опат болатын апаттар саны жыл өткен сайын арта түсуде. Сонда еліміздің жолдарында тәртіп мүлдем жоқ болғаны ма? Тәртіп жоқ деп тағы айта алмайсыз. Және күн сайын емес, тіпті сағат сайын емес, минут сайын жолкөлік апатынан адам шығыны болады дегенге сенгіңіз де келмейді. Бірақ сенбеске де амал жоқ. Үлкендердің өзін айтпағанда, болашағымыз бала десек, сол жолдарда әр төрт минут сайын бір бала қаза табады екен. Олардың, бұған қоса, тағы жүздегені түрлі жарақат алады. Жарақаттарынан айығып кетсе жақсы, ал мүгедек болып қалатындары қаншама. Ол балалар сіздің де балаңыз немесе немереңіз болуы әбден мүмкін. Жаныңыз түршігеді. Ендеше, бұл мәселеге кез келген адам немқұрайлы қарамауы тиіс. Әлбетте, айтып келмес бұл қасірет кез келген адамның басына түсуі бек мүмкін. Бұл – бәріне ортақ мәселе. «Сен басшысың, сен бағыныштысың» деп жол апаты айырып тұрмайды. Осыған байланысты Түркістан қаласында қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел ден қою маңыздылығын арттыру мақсатында «Арнайы автокөлікке жол бер!» акциясы өтті. Бұл игі шараны Түркістан қаласының Патрульдік полиция қызметкерлері мен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) мамандары бірлесіп ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – шұғыл қызмет автокөліктеріне жол беру мәдениетін қалыптастыру және бұл әрекеттің адам өмірін құтқарудағы шешуші рөлін халыққа жеткізу болып табылады.
Іс-шара барысында қала көшелерінде жүргізушілермен тікелей жұмыс жүргізілді. Жүргізушілерге жол қозғалысы ережелеріне сәйкес арнайы дыбыстық және жарықтық сигналдармен келе жатқан шұғыл қызмет көліктеріне (өрт сөндіру, жедел жәрдем, полиция) жол берудің маңыздылығын, бұл әрекеттің заңмен бекітілген міндет екенін және оны орындамаудың ықтимал салдарларын түсіндірді. Шұғыл қызмет көліктерінің әр минуты адам өмірін сақтап қалуға бағытталғаны ерекше атап өтілді.
Арнайы ескерту парақтарын таратты: Ақпараттық парақшаларда шұғыл қызмет көліктеріне жол беру ережелері, оларды орындаудың қажеттілігі және жауапкершілік туралы қысқаша, түсінікті ақпараттар берілді. Бұл парақшалар жүргізушілерге болашақта да осы маңызды ережені еске салып тұрады. Акция қаланың көлік қозғалысы көп учаскелерінде өткізіліп, мүмкіндігінше көп жүргізушіні қамтуға тырысты.
Неліктен «Арнайы автокөлікке жол беру» өте маңызды деп ойлайсыз? Ендеше, біле жүргеніңіз абзал — шұғыл қызмет автокөліктері – бұл төтенше жағдайларда халыққа көмекке асығатын, адам өмірі мен денсаулығын, мүлкін қорғайтын негізгі күш. Жасыратыны жоқ, жоғарыда келтірген кейбір қайғылы жол апаттарында шұғыл автокөліктердің діттеген жеріне өз уақытында жетудегі рөлі орасан. Олардың жедел жетуі әсіресе, өрт кезінде. Өрттің таралуын болдырмау және адамдарды құтқару үшін әр секунд маңызды. Жол-көлік оқиғаларында, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету және оларды ауруханаға жеткізу үшін уақытты жоғалтуға болмайды. Басқа да төтенше жағдайларда, атап айтқанда табиғи апаттар, техногендік апаттар немесе басқа да қауіпті жағдайлар кезінде шұғыл әрекет ету қажет.
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Дабыл қағып, адам өмірін құтқаруға асыққан шұғыл қызмет автокөліктеріне жол беру – баршамыздың міндетіміз! Бұл жай ғана жол ережесін сақтау емес, бұл – адамгершілік, азаматтық борыш және басқаның өміріне деген құрмет. Әрбір жүргізушінің саналы әрекеті біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін. Өйткені, шұғыл қызмет көлігі бара жатқан жерде, мүмкін сіздің туысыңыз немесе досыңыз көмекке мұқтаж болып тұрған шығар. «Арнайы автокөлікке жол бер!» акциясы – жүргізушілердің жол мәдениетін арттыруға және қоғамдағы өзара жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Түркістан қаласының Патрульдік полициясы мен Төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен жұмысының арқасында бұл акция өз мақсатына жетіп, қала тұрғындарының санасында із қалдырары сөзсіз. Есте сақтаңыз: жолдағы әрбір секунд бағалы, ал сіздің жол бергеніңіз біреудің өмірін құтқаруы мүмкін.