Түркістан облысында жеке құрамның әлеуметтік және психологиялық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған ауқымды іс-шара өткізілді. Бұл басқосу қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелерді талқылап, олардың алдын алу жолдарын қарастырды. Департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі А. Сарбатовтың төрағалығымен өткен бұл шара Кадр және тәрбие жұмысы басқармасының және психологтардың бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асты. Оның негізгі мақсаты – департамент қызметкерлеріне киберқылмыс, деструктивті теріс-діни ағымдар, суицид, құмар ойындардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру тақырыптарында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды. Іс-шара барысында әр тақырып бойынша терең талдаулар жасалып, олардың қоғамға, әсіресе қызметкерлер мен олардың отбасыларына тигізетін зиянды әсері баса айтылды және бүгінгі қоғамда жиілеп бара жатқан өзекті мәселелерге тереңірек тоқталды. Солардың бірі — киберқылмыстың алдын алу болып табылады. Жасыратыны жоқ соңғы кездері цифрлы технологиялардың дамуымен қатар, киберқылмыстың түрлері де көбейіп келеді. Осыған байланысты бүгінгі семинарда интернет алаяқтықтары, жеке деректерді қорғау, зиянды бағдарламалардан сақтану жолдары туралы маңызды ақпараттар берілді. Бұл, әсіресе, ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер үшін өте өзекті де қажетті мәселе. Түркістан облысы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Ж. Әшірбекұлының қатысуы бұл тақырыптың маңыздылығын арттырды. Ол киберқылмыстың соңғы үрдістері мен одан қорғану әдістері туралы құнды мәліметтермен бөлісті.
Деструктивті теріс-діни ағымдар жайы да семинарда сөз болды. Қоғамдағы діни сауаттылықты арттыру және жат ағымдардың ықпалынан қорғану – ұлттық қауіпсіздіктің негізі. Семинарда экстремистік және деструктивті діни топтардың идеологиясы, олардың әлеуметтік желілер арқылы жастарды тарту әдістері және олардан сақтану жолдары талқыланды. Облыстың дін істері басқармасының бөлім басшысы Ж. Мұратұлы қазіргі діни ахуалға шолу жасап, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттаудың маңызын атап өтті.
Суицидтің алдын алу мәселесі төңірегінде әңгіме қозғалды. Анығын айтқанда, суицид – тек жеке тұлғаның ғана емес, бүкіл қоғамның проблемасына айналып отырғаны шындық. Психологтар мен дәрігерлер суицидтік мінез-құлықтың себептерін, оның алдын алу жолдарын, психикалық денсаулықты сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Қызметкерлер арасында психологиялық қолдау көрсету жүйелері, стрессті басқару әдістері және қиын жағдайларда көмек сұраудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, құмар ойынның алдын алу жайынада тоқталып, лудомания (құмар ойынға тәуелділік) қазіргі таңда көптеген отбасылардың күйреуіне әкеліп соғатын күрделі мәселесі көпшіліктің талқысына салынды. Сондай-ақ, құмар ойындардың психологиялық және қаржылық зардаптары, оған тәуелділіктің дамуы және одан арылу жолдарының қиындықтары туралы айтылды. Қызметкерлерге құмар ойындарға қатысудан бас тартудың, ақшаны тиімді басқарудың және бос уақытты пайдалы өткізудің маңыздылығы түсіндірілді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру дегеніміздің өзі, өз денсаулығыңның – адам өміріндегі ең маңызды құралы екеніне ешеімнің таласы жоқ шығар. Бұл тақырып аясында дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, зиянды әдеттерден бас тарту және стресстен арылу жолдары қамтылды. Түркістан қалалық емханасының дәрігері Д. Тойханұлы салауатты өмір салтының адам ағзасына тигізетін оң әсері туралы кеңестер беріп, денсаулықты сақтаудың профилактикалық шараларын түсіндірді.
Іс-шараға Түркістан облысы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны Ж. Әшірбекұлы, облыстың дін істері басқармасының бөлім басшысы Ж. Мұратұлы және Түркістан қалалық емханасының дәрігері Д. Тойханұлы сияқты білікті мамандардың қонақ ретінде қатысуы семинардың сапасын арттырып, оның мазмұнын байытты. Олардың өз салалары бойынша берген құнды ақпараттары мен тәжірибелері қызметкерлердің тақырыптарды тереңірек түсінуіне көмектесті.
Түсіндіру жұмыстарымен қатар, ақпараттық қабылдауды жақсарту мақсатында әр тақырып бойынша бейнероликтер көрсетілді. Визуалды материалдар мәселенің мәнін ашып, оның зардаптарын айқын көрсетуге мүмкіндік берді, бұл қызметкерлердің санасына тереңірек әсер етті.
Бұл семинар Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамның тек кәсіби дайындығына ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатына да ерекше назар аудартып, білім мен хабардарлық деңгейін арттырып, олардың өздерін және жақындарын қауіп-қатерден қорғауға көмектеседі.