Қазақстан – біздің Отанымыз, кең-байтақ, табиғаты әсем ел. Біз туған жерімізді таза, көрікті және жайлы күйінде сақтауымыз керек. Соңғы жылдары елімізде «Таза Қазақстан» атты экологиялық акциялар ұйымдастырылып жүр. Бұл акциялардың мақсаты — қоршаған ортаны тазарту, табиғатты қорғау және халықты экологиялық мәдениетке тәрбиелеу.
Әрбір азамат табиғатқа жанашырлықпен қарауы қажет. Қоқысты жерге тастамай, арнайы жәшіктерге салу, ағаш отырғызу, суды үнемдеу — бұның бәрі таза Қазақстанға қосқан үлесіміз.
– Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін, – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінде.
Әрбір адам өзі тұратын қаласының, аумағының таза әрі әдемі болғанын қалайды. Жасыл желекке оранған,қызылды — жасылды гүлдерге толы, тарихи ескерткіштері бар, көрнекті жерлерде қыдырып,суретке тусу әдетке айналған. Ал сол қаламыз бен өзіміз тұратын аумақтың тазалығына көңіл бөлеміз бе? Таза қала болу үшін үлес қосып жүрміз бе? Мәселе осында жатыр. Паркте серуендеп жүріп шікілдеуік шағып, не ішкен сусын мен жеген чипсидің қағазын әр жерге қойып, не лақтырып кететіндер жоқ емес. Сол жерде тұрған қоқыс жәшігіне салып кетсе, тазалыққа үлес қосар еді.Көктемде көшелерге ағаш отырғызуға белсене кіріскен жөн себебі үлкен алпауыт өнеркәсіптердің түтіні ауаны ластамай қоймайды. Ендеше ағаш біздің демалатын ауамызды тазалап, оттегі бөледі. Қала мен ауданымыз таза болу үшін әр тұрғын тазалықты өз үйінен, өз ауласынан бастаған жөн. Бірге тазалық үшін күресе білсек,қаламыз таза болмақ.Айналамыздың,қаламыздың тазалығы-біздің денсаулығымыздың кепілі.
Бүгінде экологиялық акцияға облыс орталығымен қатар, аудандар мен ауылдардағы белсенді азаматтар, ауыл тұрғындары, еріктілер үн қосуда. Бәрі ортақ іске жұмылып, тазалық жұмысын атқаруға көшті.
— Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, тату тірлік пен береке-бірліктің бесігі – киелі Түркістан облысы Төлеби ауданының өңірінде бүгіннен республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны бастау алғалы біршама науқандық акцияларды өткердік. Тазалық пен тәртіп – кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы. Ұлы жол алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, тазалық айлығы аясында облыс халқы туған жерді түлетуге атсалысады деп сенеміз, – деді аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы.
Осы орайла Төлебиде «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша семинап өтті.
Семинарға аудандағы 20-дан астам үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, энергия мен жылуды үнемдеу, экологиялық сана мен жауапкершілікті арттыру жөнінде маңызды ақпараттармен танысты.
Аталған іс-шара облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша, «ЖАЛЫН» жастар ұйымының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Семинарға үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, тұрғындарды экологиялық мәдениетке, қоршаған ортаны құрметтеуге тәрбиелеу туралы арнайы баяндамалар жасалды.
Қатысушылар тренинг барысында өз ой-пікірлерін ортаға салып, түрлі ұсыныстар білдірді.

