Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында республика көлемінде 1300 мектепті жаңғыртудан өткізу тапсырмасы берілген болатын. Осы тапсырма аясында Түркістан облысында 115 мектеп реновация жобасына енгізілді. Бұл бастаманы Түркістан облысының әкімі бақылауға алып, қайта жаңғыртудан өтетін мектеп тізімін жасақтаған болатын.
Сонымен оқушылар жазғы демалысқа шығып, оқу процессі аяқталысымен, реновациядан өтетін мектептерде дайындық және демонтаж жұмыстары басталды. Реновациядан өтетін және демонтаж жұмыстары Төлеби ауданындағы мектептерге де тиесілі.
Жалпы ауданда 68 мектеп болса, оның 66-ы мемлекеттік, 2-і жеке меншік білім ордалары.
Бүгінде Тағайна елді мекенінде 200 орындық мектептің және Көксәйек елді мекеніндегі саз мектебіне қосымша ғимараттық құрылыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Костөбе елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталып, облыстық бюджет есебінен Кеңесарық және Қазақстан елді мекендеріндегі мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңғырту жұмыстарына іліккен білім ошақтарының басым бөлігі ауылдық жерлердегі, 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектептер. Бұл бастама ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты азайтып, білім алуға жағдай жасауға бағытталған, Жөндеу жұмыстары білім сапасын арттыруға, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.