Елді ел етіп, отбасыны ұйыстырушы да, батырлық пен даналықтың да қорығы – ана. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел – аналар туралы сөз қозғағанда, еңбек майданында арпалысып жүрген нәзік жандар жайында тізбектеп тауысу мүмкін емес.
‑ «Анамыз бен әкеміз бізді жастайымыздан еңбекке баулыды. «Еңбектің наны, жалқаудың жаны тәтті», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қазақтың мақалы мен мәтелін құлағымызға құйып өсірді. Қазақтың даналығына сүйеніп, әр сөздің мәнін, мағынасын астарлап, түсіндіріп, көпшіл, еңбекқор болуды үйретті. Жастайымыздан мал бағып, сиыр сауып, құрт қайнатып, айран пісіп, еңбекпен ысылып өстік. Одан кем болған жоқпыз»,‑ дейді Мавлюда Нышанбайқызы.
Еңбекке ерте араласқан ауыл қызы Зуппарова Мавлюда Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округіндегі Ақбай аулында 1964 жылдың 1- ші қаңтарында туылған.
Келін болып түскен өз аулындағы «Умарәлі ата» Шаруа қожалығында 20 жылдан астам сауыншы болып келеді. Шаруа қожалығы жаңадан құрылған кез. Қазіргідей автоматтандырылған аппаратпен саумаймыз. Өзіме бекітілген 20-ға жуық сиырды таңертен және кешкі екі мезгіл сауып, шөбін салып, астын тазалап, құрғатып жүретін бейнетім бар еді дейді. Бүгінде жолдасы Шухрат Әбдіхадыров екеуі үш ұл тәрбиелеп, оларға кәсіби бағдар беріп, «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай оларды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып, игілікке жеткізсек деген үміті барын айтып, өмір бағдарынан сыр шертті.
Халқымыздың «Ердің атын еңбек шығарады» деген қанатты сөзі Мавлюдадай ер қылықты әйелдерге де іспеттеп айтып тұрғандай.